Ердоғанның үшінші президенттік мерзімінде Түркия саясатында не өзгереді

Фото: Фото: © NBC News
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған президент сайлауының екінші турында жеңіске жетті. Сөйтіп, Түрік Республикасының жүз жылдығы қарсаңында халық оны алдағы бес жылға тағы да президент етіп сайлады. Саяси бәсекенің алғашқы туры 14 мамырда өтіп, үміткерлердің ешқайсысы 50%-дан астам дауыс жинай алмаған еді. Сондықтан да сайлаудың екінші туры 28 мамырға белгіленді. Сарапшылардың айтуынша, Ердоған жеңіске жеткен соң енді сыртқы саясатта айтарлықтай өзгерістер болмауы тиіс, президент түрік халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жастартуға күш салмақ. Өйткені табиғи апаттан кейін елдің еңсесі енді көтеріліп жатыр. Бәрімізге белгілі, Түркияда биылғы ақпандағы жер сілкінісінен 49 мың адам қайтыс болып, жүздеген ғимарат қираған болатын... Ал Түркиядағы сайлауға оралар болсақ, елдегі биылғы саяси дода тартысты өткенге ұқсайды.

Осыған байланысты Түркиядағы саяси күрес қалай өтті, президенттікке үшінші рет сайланған Режеп Ердоғанның биліктегі жылдары несімен есте қалды, оның басты қарсыласы кім, сайлау алдында елдегі рейтинг шығаратын компаниялар қандай болжам жасады, сонымен қоса президент сайлауының нәтижесі алыс-жақын мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға қалай әсер ететіні жайлы материал дайындауды жөн көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақстан-Түркия: тауар айналым 30 жылда 210 есе өсті

Түркия – Қазақстанның ірі сауда және стратегиялық серіктестерінің бірі ғана емес, қазақ үшін бауырлас мемлекет. Айта кету керек, Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған да Түркия мемлекеті еді. Бүгінде екі ел арасындағы достыққа негізделген қарым-қатынасқа 30 жылдан асты. Осы үш онжылдықта екі ел арасындағы тауар айналымы 210 есе артқан. Ал өткен жылы тауар айналым 54,4%-ға көбейіп, 6,3 млрд долларды құраған. Ендігі меже бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу болып отыр.

Осылайша, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың даму динамикасы әрқашан тұрақты өсіп отырғанын байқаймыз. Бұған жоғарыда атап өткеніміздей, тауар айналымның 1991 жылдан бері 210 есе, яғни жылына 30 млн доллардан 6,3 млрд долларға дейін өскенін дәлел ретінде келтіруге болады.

Сондай-ақ Түркия – Қазақстанның бес жетекші сауда серіктестерінің бірі. 2021 жылы Түркия Қазақстан экономикасына 680 миллион доллар инвестиция салған, бұл рекордтық көрсеткіш болды. Ал Қазақстан Түркия экономикасына 1 миллиард доллардан астам инвестиция құйды.

Қазақстан Түркия инвесторларының қатысуымен жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 31 жобаны 2022-2025 жылдары жүзеге асырмақшы. Нәтижесінде, 7,1 мыңнан астам адам жұмысқа орналасады, 31 жобаға салынған инвестиция көлемі – 1,1 трлн теңге. Олардың қатарында Жамбыл облысында 200 млрд теңгеге натрий карбонатын өндіретін кәсіпорын ашу, Түркістан облысында 570 төсектік көпсалалы медициналық орталық салу, Павлодар облысында 134 млрд теңгеге қант өндірісін іске қосу, СҚО-да 116,5 миллиард теңгеге аурухана кешенін іске қосу жобалары бар. Сондай-ақ Абай облысында хром байыту кешені мен ферроқорытпа зауыты іске қосылмақ.

Бірінші тур: ешқандай үміткер 50%-дан астам дауыс жинаған жоқ

Міне, жоғарыда біз келтірген сандарға қарап-ақ, Түркия бауырлас мемлекет қана емес, стратегиялық жағынан да маңызды әріптес екенін байқауға болады. Сондықтан да түрік жерінде болып жатқан қандай да бір өзгеріс алыс-жақын елдерге, соның ішінде Қазақстанға да әсер етеді. Ендеше, елдегі биылғы басты саяси бәсеке президент сайлауына оралайық...

Сайлаудың 14 мамырда өткен алғашқы турында 4 кандидат бақ сынады. Олар – күні кеше сайлауда жеңіске жеткен президент Режеп Тайип Ердоған, оппозиционерлер Кемал Қылышдароғлы, Мұхаррем Инже жәна Синан Оған. Алайда басты бәсеке билік партиясының атынан сынға түскен Режеп Тайип Ердоған мен елдегі негізгі оппозициялық күш саналатын «Республикалық халық партиясының» төрағасы Кемал Қылышдароғлы арасында өтті.

Ал қалған кандидаттар екеуінің шаңына да ілесе алмады. Сайлау қарсаңында 11 мамырда М.Инже елдің тыныштығы үшін саяси додаға қатыспай, өз кандидатурасын кері қайтарып алатынын мәлімдеген болатын. Ал бірінші турда халықтың 5%-дан астам даусын жинаған С.Оған өз жақтастарын екінші кезеңде Р.Ердоғанды қолдауға шақырды.

Рейтинг компаниялары қандай болжам жасады?

Жалпы елдегі көптеген рейтинг жүргізетін компания қазіргі билікке оппозициялық бағыттағы «Ұлттық коалицияның» үміткері Кемал Қылышдароғлының жеңіске жетуге мүмкіндігі мол екенін айтқан. Мәселен, биылғы сәуірде оппозициямен байланысы бар «Gezici» рейтинг компаниясы К.Қылышдароғлы - 53,4%, Р.Ердоған - 43,2%, М.Инже - 2,1% және С.Оған - 1,3% дауыс жинайды деген мәлімет жариялады. Олардың болжамынша, егер сайлау екінші турға өтсе, кемалистер - 55,2%, қазіргі президент тек 44,8% дауыс алуы тиіс.

Наурыз-сәуірде жүргізілген «AR-G Research» компаниясының сауалнамасы жаңа президент тек екінші турда анықталатынын көрсеткен. Ал «Türkiye Raporu» агенттігінің (оппозициямен байланысты) пікірінше, сауалнама нәтижелерінен әлі бір шешімге келмеген дауыс берушілерді алып тастағанда К.Кылышдароғлы мен Р.Ердоған арасындағы айырмашылық кемалистер пайдасына 9% (54,5% және 45,5%) құраған.

Жалпы бұдан біз түркиялық рейтинг шығаратын компаниялардың басым көпшілігінің зерттеуі оппозициялық «Ұлттық коалициядан» үміткер К.Қылышдароғлының сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары екенін көрсеткенін байқаймыз. Олардың пайымынша, сайлаушылардың шамамен 53%-ы кемалистерді жақтайды, халықтың 50%-ға жуығы Р.Ердоғанға дауыс береді. Осы ретте «Optimar» компаниясының биылғы сәуір айында 4 745 адам қатысқан сауалнамасы назар аудартады. Атап айтқанда, олар Р.Ердоғанды ​​респонденттердің - 45,9%-ы, ал К.Қылышдароғлыны - 43,9%-ы, М.Инжені - 8,3%-ы және С.Оғанды - 1,7%-ы қолдайды деген болжам жасаған. «Президент сайлауында кім жеңеді?» деген сауалға респонденттердің 53%-ы Р.Ердоғанның кандидатурасын таңдаған. Айтпақшы, 2018 жылы 24 маусымда К.Қылышдароғлының қатысуынсыз өткен президент сайлауының бірінші турында Р.Ердоған 52,4% дауыс жинап, ел президенті болып сайланған болатын. Ал ол кезде М.Инже сайлаушылардың 30,8%-ының қолдауына ие болған еді.

Екінші кезең: Режеп Эрдоған билікте қалды

14 мамырдан кейін елдегі сайлау науқаны тоқтаған жоқ. Қала көшелерінде президенттікке үміткер екі кандидаттың да үгіт-насихаты қатар жүріп жатты. Көшеде парақшалар таратып, дауыс зорайтқышпен ұран тастағандар саны жетіп артылды.

Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңін өткізу үшін ашылған дауыс беру учаскелері жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 08.00-де ашылып, жергілікті уақытпен сағат 17.00-де (Астана уақытымен 20.00-де) жабылды. Ел ішінде және өзге мемлекеттерде барлығы 191,8 мың жәшік орнатылды.

Елдегі және одан тысқары аумақтарда тұратын 64 млн түрік азаматы дауыс беру құқығына ие. Шет мемлекеттерде сайлау 24 мамыр күні аяқталып, бюллетеньдер Анкараға жеткізілген болатын.

Президент сайлауы өткен республиканың 81 провинциясында айтарлықтай құқық бұзушылық болған жоқ. Тәртіпті 600 мыңнан астам полиция және жандармерия қызметкері қадағалады. Сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жету үшін үміткерлер 50%-дан астам дауыс жинауы тиіс болатын.

Фото: aa.com.tr


Сөйтіп, екінші кезеңнің қорытындысы бойынша, жоғарыда атап өткен рейтинг компанияларының болжамын жоққа шығарып, Режеп Тайип Ердоған – 52,14%, Кемал Қылышдароғлы 47,86% дауыс жинады. Осылайша, Режеп Ердоған Түркияның 13-президенті атанды.

Ерекше образ иелері: «Өрмекші адам», бұғы костюмі мен қозысын ертіп келген тұрғын

Екінші кезеңде дауыс бергендер арасында сайлау учаскесіне ерекше образда келген тұрғындар көзге түсті. Мәселен, Сарыер ауданының тұрғыны Аязаг бастауыш мектебіне қозысын ертіп келген. Ол тіпті жануарға ақ-қара жолақты тоқылған жемпір мен шарф тағып қойған.

Эсеньюртте Назим Джихан есімді сайлаушы өзінің тотықұсымен бірге дауыс беруге келді. Қызыл-көк-жасыл түсті «Паша» деген лақап аты бар құс өзін «жақсы ұстаған». Ал құс иесі Османлы дәуірінің костюмін киген.

Бурсада жергілікті театр актері Бақтияр Кескин дауыс беруге бұғы костюмімен келді: ол ашық қоңыр комбинезон киіп, бетіне мүйізі бар маска тағып алған. Елдің бірнеше қаласында тұрғындар Османлы әскерлерінің образында сайлау учаскелеріне келген. Ал Аданада Джан Шашқын есімді сайлаушы Өрмекші адамның киімін киіп келген.

Измир мен Эрзурумда бір топ адам ат үстінде дауыс беруге келген. Дюзджеде некелерін енді ғана тіркеген ерлі-зайыптылар бірінші болып дауыс берген. Ал Денизлиде мейрамхана менеджері Мехмет Кивилжим сайлау учаскесіне атпен және тотықұсын иығына отырғызып келді.

Фото: glavcom.ua

2003-2023: Ердоған билік еткен жылдар несімен есте қалды?

Режеп Ердоған 1954 жылы 26 ақпанда Ыстанбұлда Түркия жағалау күзеті қызметкерінің отбасында дүниеге келді. Мектеп кезінде діни көзқарасы қалыптасты. Студенттік жылдары исламшыл Ұлттық құтқару партиясына қосылып, кейін осы партияның Ыстанбұлдағы жастар филиалын басқарды. Осылайша, Ердоған саясатқа жастайынан араласа бастады. Кейін 2003 жылы елдің парламенті Премьер-министр етіп тағайындады, сөйтіп 2014 жылдың 28 тамызына дейін, яғни 10 жылдан астам уақыт осы қызметте болды. Осы жылдары елдің ЖІӨ 2,7 есеге, яғни 303 млрд доллардан 820 млрд долларға дейін өскен.

2014 жылдың 10 тамызында Ердоған президенттік сайлаудың бірінші турында 51,8% дауыспен жеңіске жетті. Ол мемлекет басшысы ретінде елде ислам дінін күшейтуге және әскерилердің ықпалын әлсіретуге бағытталған саясат жүргізді. Бұл 2016 жылғы 15 шілдедегі әскери төңкеріске әкеліп соқты. Бұдан соң президент қарулы күштерді басқару жүйесін өзгертті, кейінірек 2017 жылғы 16 сәуірде өткен референдумда конституцияға президенттік басқару нысанын енгізуді көздейтін түзетулер қабылдады.

2018 жылы 24 маусымда президент сайлауында Ердоған 52,59% дауыс жинап, екінші мерзімге қайта сайланды (оның бәсекелесі, негізгі оппозициялық Республикалық халық партиясынан шыққан Мухаррем Инже 30,64% дауыс алған еді). Ол 2018 жылдың 9 шілдесінде қызметіне кірісті.

Жалпы Түркия соңғы жылдары ішкі және сыртқы қарым-қатынаста жаңашыл көзқарасымен көріне бастады. Сарапшылардың айтуынша, осы жиырма жылда Ердоған Түркияны аймақтағы көшбасшы мемлекетке айналдырды.

Түркия – қазіргі уақытта әлемдегі ең үлкен экономикалардың (19-экономика) қатарында. Оның ЖІӨ 906 млрд доллардан асады. Ел Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ), G20 ұйымына мүше. Сонымен қатар Дамуға ресми көмек (ДРК) бағдарламасының маңызды доноры. Сондай-ақ 2020 жылға қарай елдегі кедейлік деңгейі екі есе төмендеген. Біз бұдан соңғы жылдары Түркияның аймақтағы алпауыт мемлекетке айналғанын көреміз, дегенмен сарапшылар түрік лирасының құнсызданып, экономиканың дамуы тежелгенін, өмір сүрудің қымбаттай түскенін де жоққа шығармайды.

Фото: Shutterstock


Шетелдік БАҚ-тағы Түркия: «Ресеймен тығыз саяси және қаржылық қатынастарды жалғастырады»

Соңғы уақытта Түркия әлем назарында. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары да елдегі саяси бәсекені жарыса жазып, кімнің мүмкіндігі көп екенін айтып, алдын ала болжамдар да жасады. Осыған байланысты бірқатар БАҚ-та жаряиланған мақаладан үзінді келтіруді жөн санап отырмыз.

The Spectator (Ұлыбритания): «Сайлау нәтижелері Ердоғанды ​​ең үлкен саяси күрескерлердің бірі ретінде көрсетті. Оның партиясының беделі төмендегеніне қарамастан, оның жеке танымалдығы арта түсті. Сайлау нәтижелері түріктердің өзгеріске деген үмітін өлтірді. Өзінің жеңісін тойлай отырып, Ердоған «Түркияның ғасыры» басталғанын жариялады. Биыл Кемал Ататүрік революциясының жүз жылдығы. Ататүрік сияқты Ердоған да НАТО мен G20 мүше түрік мемлекетін өзінше өзгертті».

Bloomberg (АҚШ): «Инвесторлар Ердоғанның қазіргі қолға алып отырған іс-шаралары тұрақты болмайтынын айтып отыр. Мұны өткен жексенбіде Түрік лирасының рекордтық деңгейге дейін құлдырауы дәлелдей түсті. Сарапшылар бір нәрсеге сенімді: Ердоғанның жеңісі бірде-бір шетелдік инвесторға пайда әкелмейді. инфляция, өте төмен пайыздық мөлшерлеме және таза валюталық резерв болмаған жерде, барлық активке кері әсер ететін дағдарыс болатыны сөзсіз».

Handelsblatt (Германия):

Фото:aa.com.tr


The Wall Street Journal (АҚШ): «Инфляция, ақпандағы жойқын жер сілкіністері сауалнама сандарына әсер етті... Бұл көптеген адам үшін, оның билігі үшін нағыз саяси сынақ болды. Өйткені алғаш рет оппозициялық партиялардың көпшілігі бірікті. Соған қарамастан, президент сол 2016 жылғы төңкерістен аман өткені сияқты, Ресей, Батыс және одан тыс жерлерге қатысты өзінің ықпалды позициясы бар биыл да сол баяғы тактик екенін дәлелдеді».

Xinhua (Қытай): «Сарапшылардың пікірінше, Ердоған өзінің экономикалық саясатына берік бола отырып, Батыс пен Шығыстың арасында нәзік тепе-теңдік сақтап, өзінің батыл сыртқы саясатын сақтап қалуы мүмкін. Оның басшылығымен Түркия АҚШ-пен және басқа Батыс одақтастарымен Сирия қақтығысы және Ресеймен жақындасу сияқты мәселелер бойынша келіспей, аймақтық істерде өз саясатын жүргізді. ЕО сарапшыларының пікірінше, болашақта Анкара Батыс одақтастарының сынына қарамастан, Ресеймен тығыз саяси және қаржылық қатынастарды жалғастырады».

Сарапшылар пікірі: «Түркия Ердоғанның тұсында аймақтық державаға айналды»

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Мұхит Асанбаев Түркиядағы сайлау нәтижесінің Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екеніне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, біріншіден, түрік халқының жасаған таңдауы Қазақстан үшін де маңызды. Екіншіден, Түркияның қазіргі президенті Р.Ердоғанның жеңіске жетуімен Анкараның Қазақстанға қатысты қазіргі сыртқы саясаты жалғаса бермек.

Фото:aa.com.tr


«Атап айтқанда, біз Түркия мен Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастығын тереңдету, Түркия бастамасымен қолға алынған, Жібек жолының Қазақстанды байланыстыратын учаскесі болып саналатын «Орта дәлізді» немесе Транскаспий дәлізін одан әрі дамыту туралы айтып отырмыз. Яғни Қазақстан, Әзербайжан, Түркия аумағы арқылы Қытай нарықтарын ЕО-мен байланыстыратын Жібек жолы учаскесін одан әрі дамыту, сондай-ақ әскери-техникалық және басқа да екіжақты деңгейде де, көпжақты деңгейде де елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет. Ең бастысы, жаңадан сайланған Түркия көшбасшысы Р.Ердоған Қазақстанмен және түркітілдес елдермен байланысты нығайту үдерісіне белсенді қатысып, осы саясатты одан әрі жалғастыруға ниетті», - деп толықтырды М.Асанбаев.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков те күні кеше қайта сайланған президент Режеп Ердоғанның бұған дейінгі сыртқы саясатын жалғастыратынын атап өтті. Оның сөзінше, ол Түркияның ықпалын арттыруға күш салатын болады.

«Президент Ердоғанның сайлаудағы жеңісі, ең алдымен, Түркия өзінің серпінді сыртқы саясатын жалғастыратынын көрсетіп отыр. Бәрімізге белгілі, оның тұсында Түркия негізгі ойыншыға, аймақтық державаға айналды. Түркия бірден бірнеше аймақтың процестеріне қатысып жүр. Мәселен, Бұл Түркия өз ықпалын қайта қалпына келтіруге тырысып жүрген Таяу Шығысты атап өтуге болады, яғни Түркия қазір неоосманизм саясатын ұстанып отыр (Неоосманизм – бұрын Осман империясының құрамында болған елдерде Түркияның саяси ықпалын арттыру – ред.)»,-деді ол.

Сонымен қоса ол Түркияның Орталық Азия мен Украина қақтығысына қатысты да көзқарасы өзгермейтінін де тілге тиек етті.

«Бұған қоса, Түркия Украина қақтығысында өте белсенді, яғни Мәскеумен де, Киевпен де тікелей сөйлесіп, ерекше рөл атқарып отыр. Менің ойымша, Түркияның мұндай қарым-қатынасы жалғаса бермек. Келесі мәселе – Орталық Азия, яғни түркітілдес әлем. Анкара мұндағы төрт мемлекетпен әріптестік қарым-қатынасын одан әрмен жалғастырады. Олар – Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан. Ал Тәжікстан түркітілді мемлекет емес. Меніңше, Анкара Түркі мемлекеттері ұйымына алдағы уақытта да қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ Түркия инвестицияны арттырып, өзара сауданы және кейбір гуманитарлық жобаларды одан әрі дамытуға күш салады деп ойлаймын», - деп түйіндеді Жұмабек Сарабеков.

Қорытындылай келе, көптеген сарапшының айтуынша, мемлекетті 20 жыл басқарған Режеп Тайип Ердоған алдағы кезеңде де сыртқы саясаттағы позициясынан айнымай, Түркияның ықпалын арттыра бермек. Ал ішкі саясатта Ердоғанға бағытын өзгерту қажеттігін, әйтпесе елдегі инфляция, түрік лирасының құлдырауы жалғасып, ақырында дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін екенін айтуда. Десе де, аталған экономикалық қиыншылықтарға қарамастан халықтың жартысынан көбі Ердоғанға дауыс беруінен түрғындардың әлі де өз президентіне сенім артатынын байқауға болады...

Фото: Ed Ram / Getty Images


Соңғы жаңалықтар