Ердоған өлім жазасын қайтаруды «дереу» қолға алмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған басқару формасын өзгертуге қатысты референдум аяқталғаннан кейін, өлім жазасын қайтару туралы тағы бір плебисцит өтуі мүмкіндігін мәлімдеді, деп жазды Лента.ру.

Ыстанбұлда өзіне қошемет білдірген халық алдында сөз сөйлеген Ердоған премьер-министр Бинали Йылдырыммен және ұлтшыл оппозиция көшбасшысымен өлім жазасын қайтару мәселесін «дереу» талқылайтынын мәлім етті.

Атап өтілгендей, мұндай қадам Түркияның Еуропалық одаққа ену туралы келіссөздерінің оң нәтижесіз қалатынын білдірер еді.

Жексенбі, 16 сәуір күні өткен референдумда Түркия конституциясының 18 бабына өзгерістер енгізу қажет пе деген мәселе қаралды. Халық өзгерістерді құптаған жағдайда премьер-министрдің қызметі қысқарып,  президент вице-президенттер мен министрлерді, жоғары лауазымды шенеуніктерді өз еркімен тағайындай алады.

Одан бөлек, президент төтенше жағдай жариялау және парламенттің басым даусымен ғана күші жойылатын жарлықтарды шығару құқығына ие болады.

Ресми деректерге сәйкес, бюллетеньдердің 98 пайызын өңдеу қорытындысы бойынша, дауыс берушілердің 51,3 пайызы өзгерістерді енгізуді құптаған, ал 48,59 пайызы қарсы дауыс берген. 

Соңғы жаңалықтар