Ердоған Қазақстан Президентін «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атады

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Бүгін Анкараға ресми сапармен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Елбасын «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркия-Қазақстан Жоғары деңгейлі ынтымақтастық кеңесінің үшінші жиналысы аясында бас қосып отырмыз. Қазақстан Президенті құрметті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегацияны қонақ қылғаныма ризамын. Түркі әлемінің ақсақалына тағы бір мәрте қош келдіңіз деймін. 2015 жылы Қазақстанда басталған Жоғары деңгейлі ынтымақтастық кеңесінің үшінші жиынын Анкарада өткіздік. Соңғы рет 3 қыркүйекте Қырғызстанда өткен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті барысында бас қосқан едік», деп еске алды Түркия Президенті.

Сонымен қатар Режеп Ердоған Қазақстан Президентімен жеке және делегациялармен кездесу барысында екіжақты, күн тәртібінде тұрған барлық мәселелер шынайы талқыланғанын баса айтты.

«Өте ауқымды әрі тиімді кездесу өтті. Осы сапар аясында елдеріміздің арасында бірқатар құжатқа қол қойылды. Жаңа ғана бес келісімнің қол қою рәсімін аяқтадық. Кеше Анкарада өткен инвестициялық форум аясында жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллардан асатын 20-дан астам құжатқа екі елдің жауапты мекемелері мен жеке меншік сектор компанияларының өкілдері қол қойды... Атажұртымыз Қазақстаннан келіп, бізді қуантып отырған құрметті Президент Назарбаевқа және делегациясына алғысымды білдіремін. Терең де тамырлы тарихымыздан нәр алған Түркия мен Қазақстан қарым-қатынасының болашақта одан сайын нығайып, дамитынына сенемін»,- деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған арасындағы келіссөздерден кейін екі елдің арасында бірқатар құжатқа қол қойылғандығын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар