Ердоған апат аймағының тұрғындарына сайлауға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді
21:30, 24 Мамыр 2023
АСТАНА.ҚазАқпарат - Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ақпан айында жер сілкінісі болған аймақтың тұрғындарына сайлауға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні Twitter-де жариялаған жазбасында саясаткер саяси көзқарасына қарамастан әрбір сайлаушының пікірін құрметтейтінін баса айтты.
Мемлекет басшысы апат аймағын қалпына келтіру жұмыстары елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы жағдай толық қалпына келгенше жалғасатынын айтты.«Бүгінгі таңда 6 ақпандағы жер сілкінісінен зардап шеккен провинцияларда 910 мыңнан астам шатыр тігілді, 117 мың модульдік тұрғын үй құрылысы салынды», - деді Ердоған.
Түркия басшысы небәрі 57 күнде пайдалануға берілген оңтүстіктегі Хатай провинциясындағы Дефне ауруханасын мысалға келтірді.
«Бір жыл ішінде 319 мың үй салынады, жалпы 650 мың тұрғын үй салу жоспарлануда», - деді Ердоған. Саясаткер апат аймағындағы баспанасынан айрылған тұрғындарға биылғы қазан-қараша айларында жаңа пәтерлердің алғашқы кілттері берілетінін айтты.