Ерболат Досаев теңгенің әлсіреу себебін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңгенің әлсіреу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылғы қарашада коронавирустың жаңа штамының табылуы және оның АҚШ пен Еуропада таралуына қатысты хабарлардың тарауы аясында әлемдік қаржы және тауар нарықтарында жоғары құбылмалылық байқалды. Бұл мұнайдың белгіленген бағасының күрт төмендеуіне алып келді. Мұнайдың әлемдік бағасы тамыздың соңынан бастап ең төменгі деңгей – бір баррель үшін 65-66 АҚШ долларына дейін арзандады»,- деді ол.

ҰБ төрағасының айтуынша, әлемдік валюта нарығында да дамушы елдер валюталарының жаһандық әлсіреуі байқалды: Ресей рублі бір айда 4,7, Оңтүстік Африка ранды 4,3, Мексика песосы 4,3 пайызға әлсіреді.

«Іргелі факторлардың нашарлауы қарашада теңгенің бір АҚШ доллары үшін 434 теңге 20 тиынға дейін 1,7 пайызға әлсіреуіне себеп болды. Биылғы жылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 434 теңге 46 тиынды құрады», - деді Ерболат Досаев.

Оның атап өтуінше, бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қор қаражатын конвертациялау операциялары және квазимемлекеттік сектор сатулары ұлттық валютаға қолдау көрсетті. Бұл ретте салық кезеңі экспорттаушылардағы теңгелік өтімділіктің жеткіліктілігіне байланысты ұлттық валютаға айтарлықтай қолдау көрсете алған жоқ.

«Белгісіздіктің туындауы мен сыртқы жағдайлардың күрт нашарлауы аясында жеке және заңды тұлғаларда шетел валютасына сұраныс айтарлықтай өсті. Ұлттық банк теңгені тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау мақсатында биылғы жылғы қарашаның соңғы күндерінде 239 млн АҚШ доллары сомасына 2020 жылғы қазаннан бастап алғаш рет валюталық интервенция жүргізді», - деді ҰБ төрағасы.


Соңғы жаңалықтар