Ерболат Досаев инфляция бес өңірде жоғары болғанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін төмендетуге мән біріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірқатар облыстарда биылдың басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі байқалады. Мысалы, осы жылғы тамызда 5 өңірде инфляция 9 пайыздан жоғары қалыптасты. Осыған байланысты Ұлттық банк аталған облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды», - деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, шаралар кешеніне қосымша орта мерзімді перспективада Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы Макроэкономикалық саясат іс-шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға арналған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады.

«Біздің бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыттары бюджеттің мұнайға жатпайтын тапшылығын одан әрі төмендету, тауарлар мен қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін төмендету болып саналады. Өз өкілеттіктері аясында Ақша-кредит саясатының 2030 жылғы дейінгі стратегиясына сәйкес, шамадан тыс өтімділікті қысқарту үшін Ұлттық банк 2025 жылға дейін экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан кезең-кезеңімен толық шығуға ниеттеніп отыр. Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылған жағдайда, Ұлттық банк баға тұрақтылығына қол жеткізуді ескере отырып, ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға өзінің дайын екендігін растайды», - деді ҰБ басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы қаралып, мақұлданды.



Соңғы жаңалықтар