Ерболат Досаев: Дәріханалардағы баға нарқын реттейміз

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбектің халықпен есепті кездесуінде қала тұрғындары денсаулық сақтау саласы бойынша дәрілердің бағасына қатысты шағым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат бөлінетінін білеміз. Сала 80%-ға қамтамасыз етілген. Емханалардағы кезекке келсек, бұл олқылықты электронды жүйе арқылы жоямыз. Ал дәріханалардағы бағаны реттеу керек. Неге дәрілердің бағасы бірінен екіншісіне жеткенше өзгереді? Бағаны кім қалыптастырады? Осы жұмысты қолға алу керек», - деді Бауыржан Байбек Денсаулық сақтау басқармасы басшысына.

Кездесуге қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев бөлшек саудадағы дәрі бағасын мемлекет өз бақылауына алғанын айтты.

«Дәрілік заттардың айналымына келсек, заң қабылданды. Сәуірден бастап мемлекет бөлшек саудадағы баға нарқын реттейтін болады. Бұл Еуропадағы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп қабылданды. Бизнесте табыс қалады. Дәрілік бизнестің табыстық көрсеткішін біз шамамен білеміз. Мемлекет бизнес пен тегін дәрі алатын пациенттер арасында дұрыс қатынас қалыптастыруға тырысып жатыр», - деді Ерболат Досаев.

Премьер-Министрдің орынбасары аймақтарда ешкімге қажеті жоқ дәрілерге тапсырыс берілетінін айтты.

«Біз тұңғыш рет жүйені электронды құжат айналымына келтірдік. Бөлшек сауданы бақылайтын боламыз. Енді дәрігерлер сізге қажеті жоқ дәрілерді жазбайтын болады. Жыл соңына дейін бұл жұмысты аяқтаймыз», - деді ол.

«Ерболат Аскарбекұлы жақсы тақырып көтерді. Цифрлық технологиялар субьективті факторды болдырмайды. Дәрігерлердің де өзара байланысы болады. Келген кезде үстелінің үстінде белгілі бір фирманың логотипі бар қалам жатады. Қаламды кім бергенін түсінуге болады. Қажеті жоқ рецептің жазылатыны да содан. Бізде сондай бас дәрігер болған. Науқастарды барынша сорыңдар деген. Оны қызметінен алып тастадық. Бұл бассыздықты доғару керек», - деді әкім басқарма басшысына қарап.

Соңғы жаңалықтар