Ерболат Досаев: Банктерге қойылатын талаптар жоғарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екінші деңгейлі банктердің капиталына қойылатын талаптар жоғарылады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы алғанда, экономикаға берілген кредиттер 2019 жылдың соңына қарай 13,9 трлн теңге болды. Олардың баға жағынан қолжетімділігі жоғарылап жатыр – бизнес үшін теңгемен берілетін кредиттер бойынша ставка (2018 жылғы 12,4%-пен салыстырғанда) 2019 жылы орташа алғанда 12 пайызға дейін төмендеді. Өткен жылы кредиттік портфельдің негізгі өсуі 26,9 пайызға ұлғайған тұтынушылық кредиттеудің кеңеюіне байланысты болғанын мойындау керек. Осындай өсудің жүйелік тәуекелді іске асыруға алып келуі мүмкін екенін түсіне отырып, 2019 жылы кепілсіз тұтынушылық қарыздарға қатысты реттеу шаралар кешені қабылданған болатын», - деді Е. Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, екінші деңгейлі банктердің капиталына қойылатын талаптар жоғарылатылды, қарыз бойынша өтеу мерзімін өткізіп алу 90 күннен асқан кезде айыппұлдар мен комиссиялар есептеуге тыйым салу енгізілді.

«Ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кірісі бар азаматтарға қарыздар беруге тыйым салынды. Барлық осы шаралар кредит нарығының дамуын анағұрлым теңгерімді етуге мүмкіндік береді», - деді Ұлттық банк төрағасы.






Соңғы жаңалықтар