Ерболат Досаев: Алматының басты жұмыс берушісі – шағын және орта бизнес

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шағын және орта бизнес - экономиканың негізін қалаушы және Алматының басты жұмыс берушісі. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алматы қаласы мәслихатының XVI сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

Жиын барысында Ерболат Досаев бүгінде Алматы қаласы әкімдігінің маңызды міндеттерінің бірі мегаполистің экономикасын қалпына келтіру және өршіп тұрған геосаяси тәуекелдер жағдайында оны одан әрі дамыту екенін жеткізді.

«Қаланы қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру және оның келбетін бұрынғыдан да жақсарту қажет. Биылғы жылдың 3-20 ақпан аралығында мен қаланың барлық аудандарын аралап, тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесулер өткіздім. Соның негізінде әкімдік қала бюджетіне енгізілетін өзгерістерді дайындады. Шағын және орта бизнес экономиканың негізін қалаушы және Алматының басты жұмыс берушісі болып табылады, себебі онда қаланың әрбір үшінші тұрғыны еңбек етеді. Осыған байланысты, шағын және орта бизнесті қалпына келтіру және келтірілген залалды өтеу жұмысы әкімдіктің басым міндеті»,-деді Алматы қаласының әкімі.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша осы жылдың 1 наурызында 1 413 зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Залалдың алдын ала сомасы 34 млрд теңге. Қазіргі таңда infokazakhstan.kz порталында 1201 өтінім тіркелді, оның ішінде 3,774 млрд теңге сомасына 1 009 шағын және орта бизнес субъектісіне келтірілген залал өтелген.

Сонымен қатар, әкім адами капиталды дамыту әкімдіктің тұрақты назарында екенін айтты. Алматы бюджеті де осыған бағдарланғанын, яғни қала бюджеті әлеуметтік салаға бағытталған.

« 2022 жылы білім беруге 275,2 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде жергілікті бюджеттен - 196,2 млрд, республикалық бюджет – 79 млрд. Бюджетті нақтылау аясында қосымша 9,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. 2022 жылы оқушы орнының тапшылығын азайту мақсатында 46 мектептің құрылысы жалғасып, 14 245 оқушы орнына есептелген 22 мектеп биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Бостандық, Әуезов, Алмалы, Жетісу аудандарындағы мектептерге жапсарлас 5 ғимараттың құрылысын аяқтауға қосымша 1,8 млрд теңге бөлу ұсынылды»,-деді ол.


Соңғы жаңалықтар