Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып қайта тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды. Ол бүгінгі жұмыс сапары аясында Алматыға барып, қалалық мәслихаттың жиынына қатысты.

Президент Әкімшілігінің Басшысы Алматы қаласының әкімі лауазымына Ерболат Досаев пен Бекқали Торғаевтың кандидатураларын ұсыну жөніндегі Мемлекет басшысының хатын оқыды. Ашық дауыс беру нәтижесінде 30 депутат Ерболат Досаевқа, 8 депутат Бекқали Торғаевқа дауыс берді. Дауыс беру нәтижесі бойынша Ерболат Досаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

Мұрат Нұртілеу Ерболат Досаевты қала әкімі ретінде таныстырып, оның жауапты басқарушылық қызмет жолын атап өтті. Президент Әкімшілігінің Басшысы әкімге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапары кезінде нақтылаған міндеттерін орындау өзекті екенін жеткізді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторы мен креативті индустрияны дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру қажет.

Сонымен қатар Түргеннен Қаскелеңге дейінгі Алматы тау кластерін дамыту, автомобиль жолдарын жаңарту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттердің бірі.

Жиында Мұрат Нұртілеу биылғы маңызды саяси оң өзгерістерге атсалысқан, қолдау көрсеткен қала тұрғындарына Мемлекет басшысының алғысын жеткізді.

Ерболат Досаев 1970 жылғы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

1987 жылы – Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы Республикалық физика-математикалық мектеп-интернатын бітірді.

Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірді.

1997 ж. – «Тұран Әлем Банкі» ЖАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары, «АТФ Банк» ЖАҚ Басқарма Төрағасы;

1998 ж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі;

1998 ж. – Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі;

2000 ж. – Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі;

2001 ж. – Қазақстанның Даму банкі Директорлар кеңесінің Төрағасы;

2001-2003 жж. – Қазақстан Республикасының Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің Төрағасы;

2003-2004 жж. – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі; Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) басқарушысы; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқарма мүшесі;

2004-2006 жж. – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі;

2006-2012 жж. «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы;

2012 жылғы 25 қыркүйектен бастап – Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі.

2013 жылғы 16 қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі.

2014 жылғы 6 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен (№ 880) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.

2016 жылғы мамырдан бастап 2017 жылғы тамыз аралығында – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы.

2017 жылғы тамыздан бастап 2019 жылғы ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді.

2019 жылғы 25 ақпанынан бастап 2022 жылғы қаңтар аралығында – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы.

2022 жылғы 31 қаңтарынан бастап Президент Жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар