Ерболат Досаев алдағы жылдары инфляция деңгейі төмендейтінін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған саясатты жалғастырады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банк экономикадағы сұраныстың өсуіне жауап ретінде дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізу аясында шілдеде және қыркүйекте базалық ставканы 9%-дан 9,5%-ға дейін екі рет көтерді. Сұраныс тарапынан инфляцияға қарсы қысым биылғы 8 айда тұтыну тауарлары импортының 24%-ға өсуімен расталады. Осы жағдайларда Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған саясатты жалғастырады», - деді Е. Досаев.

Оның пайымынша, Үкіметтің және әкімдіктердің Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін тиімді іске асыруы биылғы инфляцияны тежеуге және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізіне кіруге мүмкіндік береді.

2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, инфляцияның бұдан кейін төмендеуі және 2023-2024 жылдары 4-5% және 2025-2026 жылдары 3-4% деңгейінде тұрақтануы болады.

«Бұл үшін Үкіметтің қазіргі жедел шараларымен қатар, экономиканы одан әрі әртараптандыру және оның импортқа тәуелділігін төмендету бойынша жүйелі жұмысын жандандыру маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап енгізілетін контрциклдық бюджет қағидасы мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын шектеуге мүмкіндік береді, сол арқылы мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инфляциялық қысымды төмендетеді», - деді ҰБ басшысы.

Айта кетейік, Е. Досаев жалпы отырыста елімізде инфляцияның өсуінің негізгі себептерін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде болжанып отырғанын айтты.



Соңғы жаңалықтар