Ерболат Досаев ақшаны сыртқа жылыстатумен қалай күресетінін баяндады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отысрысында капиталды негізсіз шығаруға қарсы іс-қимыл қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Үшінші бағыт капиталды негізсіз шығаруға қарсы іс-қимыл болып табылады. Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты капиталды шетелге шығару, оның ішінде жалған мәмілелер жасау арқылы шетелге шығару тәуекелінің үдей түскенін атап өтті», - деді Ұлттық банк басшысы.

Осыған байланысты 10 қаңтарда Ұлттық банк Қаржылық мониторинг агенттігімен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып елден заңсыз ақша шығаруға бақылауды күшейту бойынша бірлескен бұйрық қабылдаған.

«Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес операциялар жүргізуге арналған өтінімдер бойынша іс-қимылдар алгоритмі қабылданды, сондай-ақ күшейтілген қаржылық мониторинг жүргізілуі тиіс трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітілді. Талаптар айқын бұзылған жағдайда, мұндай операциялар жедел тоқтатылатын болады. Қабылданып жатқан шаралар ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің ең үздік әлемдік практикасына негізделеді және KYC (know your client) қағидаттарын толыққанды енгізеді», -деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, ол аталған шаралар капиталдың трансшекаралық ағындарының барынша айқындылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атады.

«Резиденттер мен бейрезиденттерді қоса алғанда, сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушылары мен инвесторлардың халықаралық операциялар жүргізуі кезінде өз құқықтарына қысым жасалмайтынын және шектеу қойылмайтынын растағым келеді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жекелеген-қаржы өнеркәсіптік топтардың төтенше жағдайды пайдаланып, қаржыны шетелге шығару тәуекелі артып тұрғанын жеткізген болатын.


Соңғы жаңалықтар