Ерболат Дәленов: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың идеологиясы жақсы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов Қазақстанда 2020 жылы енгізілетін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

-Ерболат Дербісәліұлы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асқанда денсаулық сақтау саласында не өзгереді?

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылса, ең алдымен қоғамда денсаулық мәдениеті қалыптасады. Адамдар өз денсаулығына мұқият қарай бастайды, сауатты болады. Бастысы, тұрғындар кез келген емхананы таңдап, тіркелуіне құқылы. Жұрт шынында да аурудан алдын ала сақтануды үйренеді. Қазір біз денсаулық мәдениеті жағынан дамыған елдерден 25-30 жылға артта келеміз. Жалпы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың идеологиясы өте жақсы.

- Сонда адамдардың бірден өз денсаулығына деген жауапкершілігі арта ма?

- Салауатты өмір салты, дер кезінде дәрігерге бару, алдын ала тексерілу жайлы кеңінен ақпарат таратылып, түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілсе ғана нәтиже болады. Біз мамыр айында адамдарға денсаулық мәдениетін үйрететін қоғамдық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Тәжірибелі мамандар ауырмаудың жолын, дерттің алдын алу әдісін көрсетеді. Орталықта науқаспен тек дәрігер сөйлеседі, жанында медбике болмайды. Өйткені ем-домның 50 пайызы дәрігердің науқасқа дұрыс көңіл бөлуіне, асықпай сөйлесуіне, қарым-қатынасына байланысты.

-Жалпы, денсаулыққа кім жауапты, адамның өзі ме, әлде дәрігерлер ме?

- Әрине, адамның өзі жауапты. Әркім өз ағзасының сырын біледі. Жылына екі рет медициналық тексеруден өткен дұрыс. Біз бұған дағдыланбағанбыз. Дені сау кезде өз бетінше емханаға баратындар өте аз. Азаматтардың денсаулығының 53 пайызы өзіне, 20 пайызы оның тегіне, 18 пайызы сыртқы ортаның әсеріне байланысты. Сонда 5-9 пайызы ғана дәрігерге тәуелді екен.

-«Денсаулық туралы» Кодекстің жобасына уақытылы скринигтен өтпеген, шылым шегіп, спирттік ішімдік ішкендерге айыппұл салу туралы ұсыныс енгізілмек. Бұл әдіс қаншалықты тиімді?

- Бұл әдіс бастапқыда тиімді болуы мүмкін. Яғни, адамдарды заңмен тәртіпке салуға болады. Алайда, өз денсаулығына салғырт қарайтын, терең білімі жоқ жұрт бұған ұзақ бағынбайды. Қазір Қазақстан халықының 20 пайызының салыстырмалы түрде дені сау, 20 пайызында түрлі індеттің белгілері байқалады, 40 пайызының бойында екі-үш созылмалы дерті бар, 20 пайызы созылмалы ауруға шылдыққан. Міне, біздің халқымыздың жағдайы бүгінде осындай.

- Өзіңіз де емхана, ауруханаға барып тұратын шығарсыз. Еліміздегі медициналық мекемелер МӘМС жүйесіне дайын деп ойлайсыз ба?

- Жаңа жүйеге емханалар дайын, біздің дәрігерлердің мүмкіндігі мен дәрежесі де жоғары. Бірақ маман тапшы. Ал науқас сағаттап кезек күтпеу үшін жаңа туған сәбилерге арналған, мектеп оқушыларын емдейтін, 17-35 аралығында азаматтардың, жасы ұлғайған кісілерге бөлек емхана болу керек. Сонда ғана тәртіп орнайды, медициналық мекемелердегі былық азаяды. Бұл менің жеке ойым. Қазір Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аймақтарға барып, емхана, ауруханаларды өзі арлауда. Сақтандыру жүйесіне қызу дайындық жүріп жатыр деген сөз. Бірақ, АҚШ МӘМС жүйесіне 15 жыл дайындалды. Ал Қазақстан бұл жүйені 2-3 жылда енгізбек. Медициналық сақтандыру қорында ақша жеткілікті ме? Мәселе осында...

Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рақмет!

www.amu.kz

Соңғы жаңалықтар