Ербол Тілешов жаңа әліпбидегі емле, ережелер тұжырымдамасының ерекшеліктерін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешев латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің емле, ережелер тұжырымдамасының ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Концепция (тұжырым) - бұл үлкен құжат. Бүгін - бір үлкен бетбұрысты кезең. Бүкіл жұмыс тобы, елімізге белгілі лингвист-ғалымдар, сонымен бірге фонетика мен орфографияның мамандары алғаш осындай форматта бас қосып отыр. Әліпби мен емленің ортасында концепция деген болады. Сол концепцияның қабылдануы бойынша жаңа Нұргелді Уәли баяндама жасады. Бұл концепцияның өзіндік ерекшелігі бар. Ахаңдардың (Ахмет Байтұрсынұлы - авт.) кезінде де осындай құжат болған», - дейді ол Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференция кезінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазақ тілінің емле, ережесінің тұжырымдамасын қазақ зиялылары 1924 жылы тұңғыш білімпаздардың съезінде Орынборда ақылдасқан. 1929 жылы ереже қабылданып, ол 1938 жылы өзгертілген. 1940 жылы да осындай тұжырымдама болғанымен, 1955 жылы ол қайта өзгертілген.

«Ахаңдардың заманынан бері ортада біршама жылдар жатыр. Ол кездегі сөздік қор мен бүгінгі сөздік қор бірдей емес. Біздің артикуляциямыз, акустикамыз көптеген шетелдің сөздерін айтып үйренді. Жастар үйренді. Бірнеше тіл білеміз. Ол қазаққа ғана емес, барлық жұртқа, ұлтқа тән нәрсе. Абайдың қара сөздерін оқысаңыз, ол стиль мен бүгінгі стиль бірдей емес. Одан ары Қадырғали Жалайыр мен Дулатиді оқысаңыз, ол да бөлек. Махамбет пен Кенесарының хатын түсінуі үшін де білім керек. Сондықтан, бұл концепцияда фонетикалық дәстүрлі қағидат ұстанылады. Бірінші - қазақ тілінің тілдік табиғатын сақтау, екіншіден бізге енген сөздерді қалай беру деген мәселе. Біріншінің басы ашық, түсінікті нәрсе», - дейді ол.

«Мысалы, Ахаңдардың кезінде «в» әрпі айтылмады. Велосипедті белесебет дедік. Футболды путбол, вагонды багон дейміз бе? Бұл тіл мәселесінен шығып, әлеуметтік мәселеге ұласып тұр. Өйткені, халық соның бәрін ертең айта ма? Сондықтан, осы концепцияда соның бәрі түсіндірілуі керек. Екі жағы да ескерілуі керек деп ойлаймыз», - дейді Ербол Тілешов.

«Тіл-Қазына» орталығының мамандары санағанда «в» кездесетін қазақ тілінде терминдердің өзі - 12 мың екен.

«Ал енді сол білімпаздардың съезі кезінде Елдес Омаров - Ахаңнан кейінгі екінші адам араб тілінен келген «һ», «ә» деген секілді дыбыстарды алып тастайық деп айтады. Сол кезде Ахаң: «Мына «һ» дыбысының қазақ тілінде қалуға қақысы бар. Гауһар, жауһар, ең болмаса аһілеу, үһілеу секілді одағай сөздерде бар» дейді. Яғни, Ахаң шеттен келген дыбыстардың өзін теріс көрмей тұр. Өйткені, ол қазаққа енген дыбыс. Осы тұрғыдан келгенде біз емле дегенде ескеретін нәрсе - біз орыс тілінің делдалдығы арқылы ғана, португал немесе испаннан келген сөздің түпнұсқасын алуымыз керек», - дейді Ербол Тілешов.

Ербол Тілешовтің айтуынша, тұжырым талқыланып, түстен кейін қабылданады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар