Ербол Қарашөкеев зардап шеккен өңірлерге жем-шөп жіберген еріктілерге алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жем-шөп жіберген еріктілерге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлер арасында азық-түлікті белгіленген бағамен өзара жеткізу және зардап шеккен шаруашылықтарға шөп шабу үшін 130 мың гектарға жуық шабындық жер бөлу туралы шарттар мен меморандумдар жасалды. Сондай-ақ, табиғи резерваттың 211 мың гектарында азық дайындауға рұқсат етілді. Бұл жұмысқа волонтерлік ұйымдар да қосылды және олар зардап шеккен өңірлерге шамамен 150 вагон азық жеткізді. Бұл ресурстарды жергілікті жерлерде бөлу қоғамдық кеңестердің белсене қатысуымен жүргізіледі. Осы көмекті ұйымдастырғаны үшін еліміздің барлық еріктілеріне және бұл іске бей-жай қарамайтын азаматтарға үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді Е.Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Азық-түлік корпорациясы арқылы жемдік астықпен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда, атап айтқанда, зардап шеккен өңірлердің субъектілеріне нарықтық бағадан 17%-ға төмен бағамен 1,2 мың тонна жемдік арпа сатылды. Қазіргі уақытта Азық-түлік корпорациясы мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға 200 мың тонна көлемінде жемдік астықтың қосымша резервін құруға 20 млрд теңгеден бөлу және фермерлерге суару әрі азық дайындайтын техниканы лизингке беру мәселелері қарастырылуда.

Бұған қоса, «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ-ы тамыз айының соңына дейін азық тасымалдауға жеңілдікті тарифтерді нарықтағыдан 77%-ға төмен деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады.

Бұдан басқа, ағымдағы жылғы 23 тамызда ірі мал азығын республикадан әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, 1 қыркүйектен бастап жемдік астықты экспорттауға квота енгізіледі.

«Сонымен қатар, Жедел штаб жергілікті атқарушы органдарға зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету қорларын құруды, сабан дайындау және жемдік астық пен кебек резервін құру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Жеке қосалқы шаруашылықтарды азықпен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алу, өз мүмкіндіктерімен өздерін азықпен қамтамасыз ете алмайтындарға ұйымдасқан шаруашылықтарды бекіту ұсынылды. Қолданыстағы заңнама аясында жем-шөп бағасын бақылауды күшейтуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осы шаралардың барлығы жағдайды едәуір тұрақтандыруға мүмкіндік берді», - деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министрлік аталған өңірлерді қолдауға қанша қаражат бөлінгенін баяндады.


Соңғы жаңалықтар