Ербол Қарашөкеев пайдаланылмай жатқан суармалы жер көлемін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын 200 мың гектарға жуық жер суарылмай пайдаланылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үнемі өсіп келе жатқан су ресурстарының тапшылығы жағдайында суды есепке алып, ұтымды бөлетін цифрлық технологияларды енгізе отырып, каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселелерін өзекті әрі дер кезінде көтерілген мәселелер деп есептейміз.

Каналдар мен су қоймаларын реконструкциялау және қалпына келтіру жобаларын іске асыру нәтижесінде 2021 жылы су шаруашылығы инфрақұрылымы жүргізілген алаң 1,6 млн гектарды құрады, оның ішінде 1 млн 527 мың гектар жерде өңдеп өсірілуде, бұл 2020 жылға қарағанда 16,8 мың гектарға көп. Аталған алаңның 1 млн 182 мың гектары немесе 77,4%-ы жер үсті суару тәсіліне тиесілі, 96,3 мың гектары немесе 6,3%-ы – негізінен жаппай су басу әдісімен суарылатын күріш алқаптары, тек 248,4 мың гектарға немесе 16,2%-ына ғана заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару пайдаланылады», - деді Е. Қарашөкеев.

Статистика деректері бойынша суармалы жерлерде майлы, дәнді, азықтық дақылдар, көкөніс-бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш, қант қызылшасы өсіріледі.

«Сонымен қатар жыл сайын 200 мың гектарға жуық жер суарылмай пайдаланылады, яғни мақсатына сай пайдаланылмайды. Осыған байланысты облыстар әкімдіктері нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлерді алып қойып, заңнамада белгіленген тәртіппен адал жер пайдаланушыларға беру жұмыстарын жандандыруы қажет», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар