Ербол Қарашөкеев көктемгі дала жұмыстарына берілетін бюджет кредитін ұлғайтуды сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік кредитті ұлғайтуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағаларының күрт өсуі алдағы көктемгі егісті уақтылы дайындау және сапалы жүргізу үшін елеулі қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты, фермерлерге қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік кредитті ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның дерегінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен кемінде 380 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Отандық минералды тыңайтқыш өндірушілермен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд теңге көзделді.

«Облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға егу жоспарлануда. Бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға көп. Облыс әкімдіктері агротехнологияларды сақтау, ылғал ресурстарын үнемдеу технологияларын қолдану өлшемшарттарын міндетті түрде сақтай отырып, оларды кеңінен қолдану арқылы қолда бар ылғал қорларын сақтау, ұқыпты пайдалану шараларын қабылдауы қажет. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы режимде жүріп жатыр», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар