Ербол Қарашөкеев ауласына кірген атты көлікпен басқан адамның әрекетін сынады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев үйінің ауласына кірген атты көлікпен қинаған тұрғынның әрекетін сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер министр Ербол Қарашөкеевтен Алматы облысындағы шулы оқиға туралы пікірін сұрады.

«Әрине, кез келген есі дұрыс адам сияқты біз де жануарларға қатыгездік танытқандардың әрекетін қатаң сынаймыз. Ол үй хайуанаты болсын, мейлі ауыл шаруашылығы жануары болсын, бұған басқаша қарау мүмкін емес. Басқа жауап та болмайды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Еске салсақ, өткен аптада жылқыны көлігімен қасақана басқан адам 10 күнге қамалған болатын.

«Жылқыны көлігімен басқан тұрғын әкімшілік кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша 10 күнге қамауға алынды. Бұл жазаға ол балағат сөз айтқаны үшін тартылды. Ал үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған жоқ. Қозғалған ҚР ҚК 316 бап (Жануарларға қатыгездiк жасау) Қылмыстық кодекстің 202-бабына (мүлікке қасақана залал келтіру) ауыстырылды. Тергеу жүріп жатыр»,- деп жазылған Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.


Видеодан алынған кадр
Соңғы жаңалықтар