Ералы Тоғжанов Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жұмысын тексерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының санитарлық-карантиндік пунктін, шекаралық бақылау және басқа да қызметтерінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінде айтылғандай, д елегация халықаралық рейстермен келетін жолаушылардың қозғалыс маршрутымен толық танысты. Атап айтқанда, жолаушылардың әуелайнерден түсуі, контактісіз термометриядан өтуі, сауалнама толтыруы, сондай-ақ ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеуден өткені туралы анықтамасы жоқ азаматтарды карантиндік стационарға орналастыру үшін автобустарға отырғызу процедуралары тексерілді.

Қазанның 14-інен 15-іне қараған түні Нұр-Сұлтан әуежайына бортында 533 жолаушысы бар 5 ұшақ қонды. Келген азаматтардың 118-інде COVID-19-ға ПТР-талдаудың теріс нәтижесі туралы анықтамалары болмаған. Олардың барлығы ПТР-талдау тапсыру үшін екі тәулікке карантиндік стационарға орналастырылды.

Елорда әуежайын тексеру қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары авиажолаушылар бетперде режимі мен әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтау керектігін атап өтті. Сондай-ақ қадағалаушы органдарға санитарлық қызметтердің нұсқамаларын жіті қадағалап, орындауды жүктеді.

Сонымен бірге, вице-премьер бірлесе жұмылғанда ғана COVID-19 пандемиясының таралуын түпкілікті тоқтатуға болтындығын баса айтты.


Соңғы жаңалықтар