Ералы Тоғжанов коронавирус қаупі туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов дәрігерлер коронавирус қаупін халыққа түсіндіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау жүйесі Елбасының ерекше қадағалауында деп айтсам артық емес. Медициналық көмектің сапасына, қолжетімділігіне байланысты бірнеше нақты тапсырма берілді. Биыл денсаулық сақтау жүйесінде еліміздің бір тұрғыны үшін қаражат 55-тен 84 мың теңгеге дейін ұлғайған. Бұл диагностикалық және медициналық қызмет түрлерін қаржыландыруды 7 есеге дейін, тегін берілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді 2 есеге ұлғайтуға, медициналық ұйымдарды 100 пайыз медициналық техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұлардың барлығы ашығын айтқанда Үкіметтің, мемлекеттің тарапынан жасалып жатқан нақты шаралар», - деді Ералы Тоғжанов.

Ол коронавирус инфекциясының таралуына байланысты мәселеге де тоқталды.

«Оңай дүние емес. Ауқымы қандай деңгейге жеткенін көріп отырсыздар. 40-тан астам мемлекетке таралған. Қасым-Жомарт Кемелұлының (ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев) күн сайын тікелей қадағалауында деп айта аламын. Премьер-Министр де күн сайын осы мәселеге байланысты бірнеше рет отырыс өткізеді. Ведомствоаралық комиссия күн сайын жиын өткізіп тұрады. Ашығын айтқанда бұл тек қана медицина саласының мәселесі емес. Бүкіл мемлекеттік органның, елдің алдында тұрған үлкен маңызды мәселе саналады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Премьер-Министрдің орынбасары алқа отырысына қатысқан дәрігерлерді коронавирустың қауіптілігін халыққа түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.


Соңғы жаңалықтар