Ералы Тоғжанов: Қатерлі індетпен күресте халықтың да жауапкершілігі үлкен

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатерлі індетпен күресте халықтың да жауапкершілігі мол екеніне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын қадағалау үшін арнайы іссапармен Қызылорда облысына келді

Облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәжілісте Ералы Тоғжанов «СҚ-Фармация» басшысына өңірдегі медициналық мекемелерді дәрі-дәрмектің бір айлық қорымен қамтамасыз етуді ерекше тапсырды.

Сондай-ақ, бір апта ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары облыстағы емдеу мекемелеріне қосымша жеткізілетін болды. Одан бөлек, 26 шілде күні облыс қосымша 200 оттегі концентраторымен қамтамасыз етіледі. Ол облыс қажеттілігін толықтай қамтиды.

Ералы Тоғжанов коронавирус індетінің одан әрі таралмауына және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына дәрігерлермен бірге жергілікті халықтың да жауапты екенін айтты. Бұл мақсатта санитарлық нормаларды сақтау өте маңызды.

«Облыстың кей аудандарында той мен түрлі жиын өткізу жағдайы кездеседі. Қатерлі індетпен күрес бағытында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мән беріліп, қажетті медициналық көмек жасалуда. Мемлекет тарапынан жасалған бұл жұмыс оң нәтижесін беріп келеді. Алайда, індеттің таралмауы - мемлекеттің ғана қолында емес, бұл істе халықтың да жауапкершілігі үлкен»,-деді Премьер-Министрінің орынбасары.

Премьер-Министр орынбасары іссапар аясында облыстық жедел медициналық көмек стансасы мен облыстық көпсалалы емханадағы жағдаймен танысты.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы бірнеше дәріхананың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайына назар аударды.



Соңғы жаңалықтар