Ералы Тоғжанов елордадағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар әлеуметтік нысанын аралап, жұмысымен танысып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-премьер лауазымына тағайындалғанына көп бола қоймаған Ералы Тоғжанов алдымен «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығында болды. Орталық «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде құрылған. Мұнда «Open space» алаңы барлық қажетті қызметтерді біріктіреді. Орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша 12 мемлекеттік орган мен мекемеден көрсетілетін 70 қызмет біріктірілген.


Ералы Тоғжановты «Жанұя» орталығының жұмысымен қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен таныстырды. Оның айтуынша, «Жанұя» ашылғалы бері 11 мыңнан астам азамат 24 403 мәселе бойынша хабарласқан. Оның ішінде 18 404 жүйелік кеңес беріліп, 5 999 мәселе бойынша оң шешім қабылданған. Атаулы отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Орталық азаматтарға жұмыс табуға, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға, денсаулық сақтау, білім беру, баспана, бизнесті бастау және мемлекеттік қолдауға кезең-кезеңімен және жүйелі кеңестер беруге мүмкіндік береді.

Орталыққа келушілер денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, балаларды кезекке қою, өз ісін ашу, жұмысқа орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек алу, психологиялық көмек беру сияқты мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап ала алады.

Жалпы алғанда орталық қызметкерлері орта есеппен күніне 250 адамға қызмет көрсетеді.

Ералы Тоғжанов орталық қызметкерлеріне тұрғындар арасында көпбалалы отбасыларға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдеу мен төлеудің шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды.

Қазіргі күні жәрдемақы 372 мың отбасына тағайындалған.

Орталықта қала аналары үшін жеке бизнесті дамытуға арналған «Kasipker ana» орталығы жұмыс істеп тұр.

Осыдан кейін Ералы Тоғжанов қалалық №2 аурухана мен Орталық теміржол ауруханасының жұмысымен танысты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тәртібі іске қосылғалы емханалар жұмыс ретін тың жүйеге бейімдеп, тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.

«Бүгінгі күні елордалықтардың 92 пайызы сақтандырылған. 35 мың адам қамтылмаған. Бірақ әлі уақыт бар. Қала бұл бағыт бойынша дайын. Пациенттерді қабылдап отырған кез келген медициналық мекемеде оған қатысты ақпарат автоматты түрде көрінеді. Егер адам сақтандырылмаған болса, ол бірден бақылауға алынып, қажетті медициналық қызмет көрсетіледі. Көрсетіліп отырған медициналық қызметтің сапасына сараптама жасау маңызды. Тұрғындардың арасында аурудың алдын алу, оның ішінде созылмалы ауруларды болдырмауға көңіл бөлу қажет. Медициналық көмек уақытылы көрсетілуі үшін жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер есепке алынып отыруы керек»,- деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, 1 сәуірге дейін әлі уақыт бар. Сондықтан қалған азаматтарды қамту керек. Егер оған ілікпеген азаматтар болса, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында оларға тиісті көмек-қолдау көрсетілуі тиіс.

Ералы Тоғжанов сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық теміржол ауруханасының жұмысына да оң бағасын берді.

«Бұл нысан Қазақстан Президентінің бақылауында. Ол жақында осында болып, нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Президент тапырмасы орындалды. Жөндеу жұмыстары аяқталып, аурухана қазір жұмыс істеп тұр. Хирургиялық блок қана жөнделіп жатыр. Осы жылдың аяғында дейін жоспарға сәйкес аяқталуы тиіс. Бұны мен де жеке бақылауыма аламын», - деді вице-премьер.

Сонымен қатар ол МӘМС-ке енбей қалған азаматтарды міндетті түрде анықтауды тапсырды.

«Олардың саны белгілі. Ол тек медицина саласының азаматтарының міндеті ғана емес. ІІМ-мен бірге бұл жұмыс жүргізілуі тиіс. Нұр-Сұлтан қаласына басқа облыстардан көшіп келетін азаматтар көп. Келген азаматтарға керекті жағдайда көмектің бәрі көрсетіліп жатыр. Медицина саласындағы реформаның көмегімен дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруға мүмкіндік бар», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар