Ералы Тоғжанов білім және ғылым саласындағы жетістіктерді атады
2022 жылғы 27 қаңтар 13:23

Ералы Тоғжанов білім және ғылым саласындағы жетістіктерді атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов білім және ғылым саласындағы өткен жылғы басты жетістіктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім және ғылым саласында өткен жылы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. 2021 жылы білім сапасын арттыруға арналған «Білімді ұлт» жобасы қабылданды. 45,2 мың орынға арналған 534 балабақша ашылды. 1 015 мектеп жаңғыртудан өтті, оның ішінде 921-і ауыл мектептері. Колледждерге мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 3,5 мыңға ұлғайды. Жоғары оқу орындары грантының саны 10 пайызға артып, 56 мың грантты құрады», - деді Үкімет басшысының орынбасары Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген «Үздіксіз білім беру» тұжырымдамасы бекітілді. Студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсті. 10 мың орындық 49 жатақхана пайдалануға берілді.

«Пандемияға қарсы QazVac отандық вакцинасы әзірленді. Жас ғалымдарға «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлінді. Іргелі зерттеулер мен тікелей қаржыландыруды көздейтін ғылым мәселелері бойынша арнаулы заң қабылданды. Осы жетістіктерді атап өте отырып, білім саласындағы кез келген нәтиже балалардың білім сапасы арқылы ата-аналардың, жұмыс берушілердің білім деңгейіне қанағаттануы арқылы бағалануы қажет екендігін атап өткім келеді»,- деді Ералы Тоғжанов.


Jańalyqtar

MURAǴAT