Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі индустриялық аймақтың жұмысын сынға алды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» индустриялық аймағының жұмысымен танысқан Ералы Тоғжанов ұйымдастырушылардың жұмысына сын айтты. Тіпті облыс әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ақтөбе» индустриялық аймағында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын аралады. 2015 жылы ашылған индустриялық аймақта химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, шиналарды өңдеу және қалпына келтіру т.б. салалармен айналысатын 12 кәсіпорын іске қосылған. Инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асып, 655 жұмыс орны құрылды. Соңғы төрт жылда өндірілген өнім көлемі 4 миллиард теңгені құрады. Іске қосылған жобалардың қатарында «Талан Текнолоджи» ЖШС-нің қауіпсіз төсемелер, «Ақтөбе Топса Пласт» ЖШС-нің антифриз және химиялық реагенттері және «Поливест» ЖШС-нің полиэтилен өнімдерінің өндірісі бар. Экспортталған өнім 133 млн.теңгені құрап, салық көлемі 1,7 млрд.теңгеге шықты. Қазіргі уақытта металлургия және мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ірі қара мал терісін өңдеу сияқты экономиканың басым салаларында 12 жобаны жүзеге асыру мен іске қосу жұмыстары жүргізілді. 16 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 707 жұмыс орны қамтылды.

«44 миллиард теңге инвестиция аса көп емес. Осыған байланысты индустриялық аймақтың тиімділігіне қатысты өте үлкен сұрақ туындайды. Біз инвесторларды қолдауға және олардың жобаларын жүзеге асыруға көмектесуге дайынбыз. Олар үшін қажетті жағдай мен инфрақұрылым жасау – біздің мәселе, бірақ инвестиция мен ірі инвесторларды тарту – сіздің тікелей міндетіңіз. Жан-жақты сараптап, жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін іздестіру қажет», – деді облыс әкімі индустриялық аймақты басқарушы компания басшылығына.
Аймақ басшысы инвестициялық саясатты, ірі компанияларды тарту жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ басқа өңірлердегі индустриялық, еркін экономикалық аймақтардың қызметіне салыстырмалы талдау жасауды, индустриялық аймақтың жұмысын күшейту бойынша қысқа мерзімде ұсыныстар дайындауды тапсырды. Ералы Тоғжанов басқарушы компанияның жұмыс нәтижесін төмен деп бағалады.
«Ақтөбе облысының әлеуеті зор, бірақ ол толық пайдаланылмай отыр», - деп түйіндеді облыс басшысы.
Кейін Ералы Тоғжанов кәсіпорындардың қызметімен, соның ішінде керамограниттен, қыш тақтайшасы мен полипропиленді вагон қаптамаларын, биологиялық ыдырайтын биг-бэг пакеттер, антифриз және әйнек жууға арналған сұйықтық шығаратын зауыттар мен химиялық реагент өндіретін зауыт құрылысының барысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар