«Ер төстік» ертегісінің, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасы шығады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Ер төстік» ертегісінің, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасын шығаратын болды. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов хабарлады.

«Еліміздің ертеңін ұстар жас ұрпақ алдында Елбасы үш тілді меңгеру туралы тапсырма қойды. Ол үшін мектептердегі тілді үйрету стандарттарын бір қалыпқа келтіруіміз қажет. Бұл күрделі жұмыс. Бірақ, уақыт бізден соны талап етіп отыр. Бүгінгі таңда тілді үйретуге арналған тілдік әдістемелік құралдарға тапшылық жойылды. Балабақша тәрбиешілері мен қоғам сұранысын ескере отырып, 3D форматында жасалған қазақ тіліндегі мультфильмдердің 205 сериясы жарық көрді. Біздің қалада, жергілікті бюджет есебінен. Бұл өнімдер қаладағы барлық балабақшаларда тегін таратылып, республикалық телеарналарда көрсетіліп келеді», - деді қала басшысы.

Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы осы бағытта жұмысты жалғастыратын болады. Келесі жылы «Ер төстік» ертегісінің, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырларының анимациялық нұсқасы шығарылмақ.

«Ұлттық нақыштағы мультфильмдер - жас ұрпақ тәрбиесіне аса қажет құралдардың бірі. Қазақ эпостарының желісімен түсірілген мультфильмдер балалардың туған тіл, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырады», - деді әкім.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда мемлекеттік тапсырыспен «Сиқырлы қалам» интерактивті тіл үйрету құралы енгізілген болатын.

Бұл мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы. «Сиқырлы қалам» арқылы балаларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ қаламды плакатқа тигізгенде, суреттерге «жан бітіп», бейнелер экранға көшіп, сөйлеп кетеді. Қаламның сыры да осында.

Қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған, оқыту үрдісінде қолдануға оңтайлы кешен Алматы балабақшаларында осымен екінші жыл қатарынан білім құралы ретінде пайдаланылып келеді.

Соңғы жаңалықтар