Ер Едіге қайда жерленген? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Серкені 2019 рет көтеріп, рекорд жасады - «Ońtústik Qazaqstan» газетіnull

Газеттің жазуынша, Ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасында тұңғыш Азия чемпионаты аясында ат әбзелдерін жасайтын шебер Айдос Садықов спортшылар арасында серке (муляж) көтерден бәсеке ұйымдастырды. Осы жарыста Акбар Елубайұлы 33 келі тартатын серкені (муляж) 2019 рет көтеріп, бас жүлдені иеленген екен. Сондай-ақ, Қазақстан Рекордтар кітабына (КИнЭС) еніп, арнайы сертификат алыпты.

«Бұл ерекше сайыс болды. Той жиындарда, мерекелерде қошқар көтеріп жүретінмін. Бұл жолғы сайысқа моңғол, қырғыз, өзбек елінің палуандары да қатысты. Өзім ғана емес, тұтас ұлттың атынан шыққан соң барымды салып, жеңіп шығуға тырыстым. Әуелде 1700 көтерген моңғол палуанынан асыра көтерсем болды деп ойлағанмын. Бірақ, биылғы жылдың құрметіне орай 2019 рет көтеремін деген мақсат қойып, сол үдеден шықтым, - дейді Акбар.

Басылымның жазуынша, Акбар Елубайұлы тегін жігіт емес екен. Айтуларынша, Алла Тағала бір басына бұла күшті аямай берген. Күрессе, белдескенді атып ұрады. Атқа мінсе, қарсыластың мысын басып тұрады. Айтулы додаларда серкені өңгеріп, талай салым салған. Тақымы мықты. Сосын, қазақы тойдың сәнін келтіретін қошқар көтеруден алдына жан салмайды. Екі жылда отыз қошқарды өңгеріпті. Еріксіз таңдай қағасың...

Ер Едіге қайда жерленген? - «Ақтөбе» газетіnull

Ақтөбеде «Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылған екен. Соның аясында едігетанушылар Байғанин ауданында болыпты. Олардың мұнда болуы да тегін емес көрінеді. Сосын қонақтар «Едіге жалына» да барған. Ғалымдар Едіге батыр туралы жүргізілген зерттеулерге сүйене отырып батырдың Байғанин ауданының аумағында жерленгенін алға тарта бастапты.

«Едіге жалы» деп күнделікті өмірде айтқанымызбен, осы жерде Ер Едігенің жатқаны ешқайсысымыздың есімізге келмеген. Біздің ендігі міндетіміз - батырдың басына белгі қоя отырып, осы тұжырымды ғылыми айналымға енгізу. Егер шын мәнінде тарихи-филологиялық тұрғыда бұл жерде Ер Едігенің жатқаны нақтыланса, бұл тек Ақтөбе жұрты үшін ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ олжа болары сөзсіз», депті философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан.

Осылайша, «Едіге жалында» Ер Едігеге белгі қойылды. Онда «Ер Едіге (1356-1419) Алтын Орданы 17 жыл билеген әмірші» деп жазылып, ибн Арабшахтың Едіге батырға қатысты айтқан мына бір сөздері жазылған: «Едіге патшалық құрған күндер сан ықылымдағы нұрлы сәуле болса, ол салтанат құрған түндер замана кейпіндегі арайлы шапақ болды». Ал қасына арнайы қорапша жасалып, Ер Едігенің құлаған мазарынан қалған тастардың бөлшектері салыныпты.

Батырдың моласына барған әзірбайжандық профессор Галиб Амирага оглы да Едіге моласына қатысты пікір білдірген екен.


Қайсар ғұмыр, ғажап талант - « AQ JOL» газетіnull

Таразда тұратын ерекше жан туралы облыстық газет жазған екен. Тумысынан екі қолы жоқ Анар Бексұлтанованың салған суреттеріне, тіккен көрпелеріне және өсірген гүлдеріне еріксіз таңғаласыз. Екі қолы бірдей жоқтығына қарамастан өзінің шағын тігін цехын ашып, қыз жасауын тігіп, бизнесін дөңгелетіп отыр.

«Бөлме қабырғаларына жағалай ілінген суреттерді Анар аяғымен салды деуге сенгің келмейтіндей. Өйткені аталған туындылардан боямасыз өмір көріністерін көреріңіз анық. Анар өзі салған гүл суретінің жанына банкіде өсіп тұрған ландыш гүлін әкеліп қойғанда, екеуінің ұқсастығына қайран қалдым. Туындылары арнайы сурет көрмелеріне де қойылып көрсетіліп жүр екен. Біраз күн бұрын мектеп оқушыларымен кездесіпті. Бұл бөлмеде Анардың ең жақсы көретін гүлі өсіп тұр. Ол «Әджуа» деген жеміс ағашының дәнінен өнген. Оны Сауд Арабиясында болған бір құрбысы әкеліп берген екен. Бойы аласа, жапырағы тарам-тарам салалы саусақтарға ұқсайтын бұл жеміс ағашы 5-сыныпта оқитын қызымен түйдей құрдас болып шықты» деп жазады газет.

Мақалада Анардың қалай іс бастағаны, кімдер қолдау жасағаны туралы жазылады. Байқағанымыз оның әкесі табиғатқа жақын, әжелері қолдары шебер ісмер болған екен. Анардың алдағы армандары да асқақ.


Тойдың сәні он екі - «Арай» газетіnull

«Арай» газеті Жамбыл облысы Меркі ауданындағы той тәртібі туралы жазыпты. «Алайда бүгінде тойдан да «тойғандар» аз емес. Әсіресе аптаның алты күні тойда болатын қазақ таңды атырып думандатудан шаршағандай. Оған қоса түн ортасына дейін созылған тойдың соңы төбелеспен аяқталып, түрлі келеңсіздіктер орын алып жатқаны тағы бар. Осыған орай Меркі ауданы той тойлаудың тың тәсілін тауыпты» дейді газет. Бұл тәсіл -сағат түнгі 00.00-де аяқтап, мүмкіндігінше арақ-шарапсыз өткізу. Бұған Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков өзі бастама жасаған екен. Сол шешім үшін тойхана иелері, той беруші, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және жергілікті учаскелік полиция төртжақты меморандумға қол қойған. Осы құжат арқылы тойхана иесі мен той беруші азамат мерекелік думанды сағат 00.00-де аяқтауға уағдаласса, учаскелік полиция той біткенше қауіпсіздік мәселесіне қырағы қарауға кепілдік береді. Егер той беруші мәміле шартын орындамаған жағдайда оған белгілі мөлшерде айыппұл салынатын болады. Қазір аудандағы кәсіпкерлердің барлығы осыны түсініп, тойды белгіленген мерзімде аяқтауда. Тіпті кейбір азаматтар тойды күндіз жасауға көшкен. Мақалада осы тәсілге қатысты асабалардың да пікірі келтірілген. Бұл тойға асықпай баратын қазақтың жайбасарларын да түзеуге сеп болатын тәсіл деген пікір де келтіріліпті.

Баяғының байлары-ай...- «Орталық Қазақстан» газетіnull

«Орталық Қазақстан» газетінде «Қазақ» газетінің қиынқыстау заманында қаржылай көмек берген, қолдап отырған ауқаттылар туралы айтылыпты.

«Алаш» деп жүргелі, міне, 99 жыл болды. Біздің бүгінгі жұрт ХХ ғасыр басындағы қазақтың ақ жүрек, ақ адал «Атымтай жомарттары» жайында жарытып ештеңе білмейді және мерзімді басылымдарда бұларды көп насихаттамайды. Осындай кемшіліктің орнын толтыру мақсатымен жеке мұрағатымыздағы құжаттарды «сөйлетейік» деп шештік. Миллет халін ойлап, қызмет етуді мойындарына алған Алаш қайраткерлерінің талаптанған әр ісіне Құдай сәтін салып, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріскен қазақтың ояну ғасыры басындағы меценаттары кімдер еді?» деп жазады газет.

Мақалада «Қазақ» газетін шығарудан бастап, оның басына бұлт үйірілген жағдайында көмек көрсеткен атымтай жомарттардың біразының аты-жөндері жазылады.

«Дүниеден бір сабақ жіптен жиылса, жалаңашқа - көйлек» деген мақал бар. Қазақ оқушылары үшін қазақ даласының әр жерінен бір сабақ жіптей қаржы жиылып, «Қазақ» газетінің редакциясына түсіп тұрған. Өйткені «Қазақ» газеті «қазақтың әр жерде оқып, білім алып жатқан оқушыларына жәрдем беріп тұрайық» деп қазақ азаматтарына қолқа тастаған. Мысалы, Қазан университетінің студенті Базарбай Мәметов өзінің алғыс-тілегінде Көлбай Төлеңгітов - 20 сом, Нұртай мырза - 20 сом, Ахметбай Ғабдолсартов - 10 сом, Әбдіқадыр Көсебаев - 5 сом, Тәңірберген Тұрысбеков - 10 сом т.б. біраз жомарт жаннан барлығы 130 сом жиналғанын жазады. Ал Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі Шермұхамед Қыпшақбайұлы сұлтан Сәлімгерей Жантөринге барып: «Атаңыз қазаққа басшылық қылған, қазақ ішінде туыпөскен, қазақтың арын арлаған. Сіз де бұл күнде медресе «Ғалие» салғызып, дін исламға биігіректе ноғайларға қызмет қылып жатырсыз. Атажұртыңыз қазақта не медресе жоқ, не дін ғылымының, дүние ғылымын білген кісі жоқ, бұл басшылық қылып жатқан - жаужүрек, бірліжарым орысша оқығандарымыз. Міне, мен Руссияда 11-12 жыл оқыдым, ноғай медреселерінде оқылатын нәрселерді бітірдім. Енді Стамбұлға барып түрікше үйреніп, аз-маз оқыған пәндерімді кеңейтіп, дүние ғылымынан хабардар болғым келеді. Бұл мақсатыма жету үшін 4-5 жыл оқу керек, бұған ақша керек, сіз мені жіберіңіз», - деген екен. Шәкірт өтінішін Сәлімгерей мырза мақұл көріп, өзінің қаржылай қолдауымен оны Стамбұлға жібергені жайында «Қазақ» газеті арнайы жазған еді».

Мақалада бүгінгінің атымтай жомарттарына да осындай игілікті нәрсе жұғысты болса екен деген тілек айтылады.

Суицидке смартфон себепші - «Жетісу» газеті

Мақалада технологиялық гаджеттің зияны туралы жазылыпты. Жалпы қоғамда әлеуметтік желі мен ғаламтордың пайдасы көп деген пікір қалыптасқаны рас, бірақ оның зиянын да еске салып отырған абзал. Ал оның денсаулыққа зияны қандай? Газет келтірген дерекке қарағанда, ұялы телефоннан электромагнитті толқын бөлінеді, соның нәтижесінде мидың қызметі бұзылуы мүмкін. Бұл адамдардың есте сақтау қабілеті мен жүйке жүйелері әлсіздендіреді.

«АҚШ профессорларының пайымдауынша, жасөспірімдер арасындағы суицидтің жиі орын алуына ұялы телефон себепші. Тіпті, ұйықтаған сәтте жастықтың астына салып жату миға глюкозаның көп мөлшерде жиналуына әкеліп соқтырып, оның соңы ісік ауруына шалдықтыруы ықтимал көрінеді. Зардап шегетін тек ми ғана емес, көздің жанары да зақымданады. Құлаққап арқылы музыка тыңдау кесірінен есту қабілеті нашарлайды» деп жазады газет.

Иткөйлек: оның қадір-қасиетін білеміз бе?- «Атырау» газетіnull

Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізетіні белгілі. Бұны «иткөйлек» немесе «итжейде» деп атайды. Газеттегі мақалада киімнің бұлай аталуына қатысты қызық аңыз - әфсаналар келтіріліпті.

«Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының итжейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «иткөйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған».

Тағы бір қызығы: бала қырқынан шыққаннан кейін жаңағы жейде-көйлектің ішіне тәтті салып, түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, итжейдені шешіп алып, ішіндегі тәттіні таласып жейді екен де, көйлекті сәби сүйе алмай жүрген аналарға не жаңа түскен келіншекке сыйлайды. Ол - сәби сүйсін деген ырым.

Шұңқыркөл зиратының құпиясы - «Орал өңірі» газетіnull

«Орал өңірі» газетінің тілшісі Италиядан келген археолог, философия докторы (Ph.D), Италиядағы Болония университетінің профессоры Жан-Лука Бонорамен бірге Оралға жақын маңдағы көне құлпытастарды қарап қайтқан екен. Мақалада осы сапардың жай-жапсары жазылады.

«Аумағы кемінде 0,5 гектардай болатын әжептәуір үлкен, кезінде терең ормен қоршалған көне қорымда он шақты құлпытас тікесінен тұр. Сынып түскен немесе түбімен қопарылып құлаған құлпытастар да байқалады. Жоғарғы жағы дулығаның басындай үшкір біткен, биіктігі 2 метрдей құлпытас келген жанның назарын бірден өзіне тартады екен. Құбыла бетте тұрып Құран сүрелерін оқып, сауабын марқұмдарға бағыштаған соң бірден ерекше құлпытасқа тарттық»...

Мақалада мүк басқан көне ескерткіштің біразындағы мәтіндер оқылып, сол туралы сөз болады. Жазуынша, ескерткіштердің көбі Кердері руының Көтермен тайпасына, соның ішінде Шот аймағына жатады екен.

«Көне қорымда көптен адам жерленбегені байқалады. Біздің көзімізге түскен ең «жаңа» құлпытас 1903 жылды көрсетіп тұрды. Жан-Лука Бонора сынған, жерге құлаған ескерткіштің көптігіне таңғалып, «Бұларды біреулер әдейі қиратқан жоқ па екен?!» деген күдігін айтты. Өзі жерде жатқан тас сынықтарын қолына алып, біз әуелі көрген ескерткіштен әдейі сындырылғанын көрсетті. Шынында да құлпытастың төрт бұрышынан қашап көтерілген төрт мүйізшенің төртеуі де сынып, жерде жатыр екен. Италиян археологы орнына қойғанда, үйлесе кетті».

Бұл ескерткіш қорымдар жатқан орынның қазіргі атауы да белгісіз екен. Мақалада соған ізденістер байқалады. «Бір қызығы, дәл осы ауылдың ішінде Совет үкіметі келместен бұрын мешіт болыпты. Бір тақуа кісі өмірден өтерде «қабірімде бес мезгіл қасиетті құран дауысын есітіп жатайын» деп, өзін осы мешіт қабырғасына жерлеуді өсиет еткен екен. Бүгінде мешіт те, қабір орны да жермен бірдей тегістеліп кетіпті».

Түйіндей айтқанда, отаршылдықтың салдарынан жер-су атаулары өзгертіліп, ата тарих аяусыз жойылған. Ал анандай ескерткіштер тірнектеп жинап, зерттеуді қажет етеді.

Соңғы жаңалықтар