Ер адамның тәрбиеші болуына біздің менталитет кедергі - балабақша меңгерушісі

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ерболат Жантасов 15 жылдан бері мектепке дейінгі білім беру саласында еңбек етіп келеді. Ол – өңірде тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер адам. Қазір Петропавлдағы «Арай» балабақшасын меңгеріп, ұжымды «ұршықша» иіріп отырған білікті маманмен ҚазАқпарат тілшісі сұхбат құрған еді.

- Мектепке дейінгі білім беру саласының тәжірибелі маманысыз, бұл қызметке қалай келдіңіз, бәрі неден басталды?

- Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің түлегімін, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі бойынша оқу орнын бітіргенмін. Дипломды қолыма алғаннан кейін ауылда тұратын ата-анамның жанына барып көмектесейін, аз да болса балалық парызымды өтейін деген ой болды. Осылайша, Қызылжар ауданы Петерфельд елді мекеніне келдім. Бірақ, ондағы мектепте маған орын болған жоқ, сол кезде балабақшада тәрбиешісінің орны босап жатыр екен, «көзді жұмып» қызметке кірісіп кеттім. Мамандығым жалпы, педагог болғандықтан, жаңа бағытта жұмыс істеу, балақайлармен тіл табысу қиындық тудырмады. Әрі менің жолым болып, жақсы ұжымға тап болдым, білмегенімді үйретті, көрсетті, әріптестерім барынша қолдады. Тәрбиеші ретінде қалыптасуыма көп септігін тигізді.

Кейін Петропавлға келіп, алты жылға жуық бірнеше балабақшада тәрбиеші - қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Маған сенім артқан, білгенін үйреткен, жол көрсеткен ұстаздарымның бірі – Сайран Қабиденқызы. Бұл салада жүрген жалғыз ер адам болғандықтан да шығар, бетімнен қақпады. Қолдау болғандықтан, жұмысқа деген қызығушылығым арта түсті. Қазір өзімді басқа салада елестете алмаймын.

- Ата-анаңыз, туыс, таныстарыңыз бұл таңдауыңызды қалай қабылдады?

- Ата-ана баласының қандай бастамасы болмасын қолдайды ғой. «Мұғалім боламын деп оқуын оқыдың, бұл да баламен жұмыс. Оқыған еңбегің зая кетпесін, тәрбиеші болып істей бер. Кейін қажет деп тапсаң, мектепке ауыса жатарсың» деді. Ол кезде үйленген жоқ едім. Мені жарыммен табыстырған да осы жұмыс. Зарина Қайырбекқызымен балабақша тәрбиешілеріне арналған семинарда таныстым. Сөзіміз жарасып, шаңырақ көтердік. Қызымыз бар. Зарина да балабақшада тәрбиеші-психолог болып жұмыс істейді. Сондықтан, бір-бірімізді қолдап, қажет кезде ақыл-кеңесімізді аямаймыз.

- Балабақша тәрбиешісі дегенде ойымызға алдымен әйел адам келеді. Әйел адамға тән мамандық деген стереотип қалыптасқан. Бұл салаға келгеніңізге өкінген кезіңіз болған жоқ па?

- Балабақша тәрбиешісіне зор жауапкершілік жүктелген. Алдыңда 20-25 бала, бәрі бір-бір үйдің еркесі. Бала болғасын жүгіреді, ойнайды, құлайды. Бір сәт көзден таса жібермеу керек. Бірақ, түрлі жағдай болады ғой. Тәрбиеші болып жүргеніме көп бола қоймаған кез. Балаларымның бірі қолын ауыртып алып, анасы маған «қарамадың» деп сөкті. Сол кезде еңбегімнің бәрі еш кеткендей көрінді, тастаймын деп шештім. Бірақ, әріптестерім басу айтып, райымнан қайтарды.

- Баламен жұмыс істеуде ең қиыны не?

- Мен үшін ең қиыны – балабақшаға жаңа келген бала мен ата-ананы адаптациядан өткізу. Үйде еркін өскен бала жаңа ортаға, мүлде танымайтын адамдардың арасына түседі, жаңа тәртіпке үйренуі қажет. Ол үшін бұл үлкен күйзеліс десе де болады. Жалпы, баламен жұмыс істеу оңай, оның ата-анасымен тіл табысу қиын дер едім. Қазіргі ата-ананың кейбірі қандай да бір мәселе немесе сұрақ туындаса, келіп сөйлесуден, мәнісін білуден бұрын, әлеуметтік желіге жариялауға дайын тұрады.

- Тәрбиеші көп қырлы мамандықтардың бірі ғой. Алдымен, жақсы психолог болуы керек. Тағы қандай қасиеттер болғаны жөн?

- Ең алдымен, баланы жақсы көруің керек. Сосын, тағы қайталап айтамын, асқан жауапкершілікті, қайырымдылықты және еңбекқорлықты қажет етеді. Біз педагог қана емес, психологпіз. Әрі актерміз, әрі ертеңгіліктерге сценарий де жазатын өзіміз. Өздеріңізге белгілі, өсіп келе жатқан баланың сұрағы көп, ал сұрағына жауап беру үшін жан-жақтылық қажет. Бала сенің өтірік айтқаныңды, ұнатпай тұрғаныңды, жалпы көңіл-күйіңді бірден түсінеді. Ал көңілін тапсаң, шынайы жақсы көреді. Тәрбиешілер балабақшада баланың «іргетасын» қалайды. Рухани-адамгершілік және ұлттық тәрбиенің, отансүйгіштіктің, азаматтық сана-сезімнің дәнін сіңіретін орта – алдымен отбасы, кейін балабақша.

- Жалпы, ер адамның тәрбиеші болуының қандай артықшылықтары бар?

- Еуропа елдерінде, соның ішінде Германияда балабақшаға тәрбиеші аларда ер адамға басымдық береді екен. Бала ер адамды жақсы қабылдайды, сыйлайды, тыңдайды. Тағы бір себебі, соңғы кезде ажырасқандар көп. Толық отбасы болса да, әкелері жұмысбастылықпен бала тәрбиесіне араласа бермейді. Ер адам тәрбиеші болса, тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

- Тәрбиешінің еңбегі немен өлшенеді?

- Әрине, балаға берген тәрбиесімен өлшенеді. Ертең мектепке барғанда біздің баламыз жақсы көрсеткіш көрсетіп, «Арай» балабақшасында тәрбие алған» деп жақсы лебіз айтылып жатса, ол – біз үшін абырой. Баланың қабілетін байқау, ашу, дұрыс бағыттай білу, оның болмысын қалыптастыру – біздің міндетіміз. Үйінде ерке, тілді ала қоймайтын бала бізге келіп мүлде өзгеруі мүмкін. Балаларымыз бір жетістікке жетіп, жұмысымыз нәтиже беріп жатса, одан артық бізге ештеңе керек емес.

- Уақытыңыздың басым бөлігі балалардың арасында өтіп жатыр. Осыдан шамамен 5 жыл бұрынғы балалар мен қазіргі балалардың айырмашылығы бар ма?

- Қазіргі балалар гаджеттерге байланған. Әлеуметтік желі арқылы өз жасына керек емес нәрселерді біледі. Бала жүгіріп, секіріп ойнау керек. Балаға көңіл бөлу керек, кем дегенде күніне жарты сағат сөйлескен жөн.

- Облыста сіз жалғыз тәрбиеші ер адам болдыңыз. Қазір балабақша меңгерушілері арасында да жалғызсыз. Неліктен ер адамдар бұл салаға бара қоймайды?

- Ең алдымен, біздің менталитет себеп дер едім. «Баланың тәрбиесімен, оның күтімімен ана-әйел айналысуы керек» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Ал, екінші себебі – еңбекақының төмен болуы. Бірақ, бұл екінші мәселе өз шешімін тауып жатыр. Тәрбиешіге де педагог мәртебесі берілді, еңбекақымыз жарты жыл сайын көтеріліп жатыр. Қаңтар айының соңында тағы 25% жоғары еңбекақы аламыз. Еңбек өтілі, көрсеткіштер бойынша қосымша үстемеақы қарастырылған. Сондықтан, қазір жағдайымыз жақсарып келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!


Фото сұхбат берушінің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтар