Эпилепсия диагнозы қойылған адамдардың 60-80 пайызын бір ғана дәрінің көмегімен емдеуге болады - Л.Дайырбаева

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни Халықаралық талма (эпилепсия) ауруымен күрес күніне орай Қазақстанда талма ауруына шалдыққандарға арналған әлеуметтік желі ашылды. NeuroWeb әлеуметтік желісі неврологиялық сырқаттарға шалдыққан, ең алдымен, эпилепсиямен ауыратын адамдарға қолдау көрсету үшін жасалды. Жоба Қазақстан мен ТМД мемлекеттерінде іске қосылды.

Науқас пайдаланушылар стандартты әлеуметтік желілердің жиынтығын толық пайдалана алады. Яғни, олар бір-бірімен сөйлесіп, мәтін түріндегі посттармен алмасады, бір-біріне мақалалар, бейнероликтер мен фотосуреттер жолдай алады. Сонымен қатар, жабық профиль функциясы да жұмыс істейді.

Ең бастысы адамдар өзара медициналық мәліметтермен алмасуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар ішкен дәрілері мен құрысуға қарсы терапияның жағымсыз әсерлері туралы пікір жазып қалдырады.

NeuroWeb базасын пайдаланушылардың жағдайы мен дәрінің кері әсері туралы жазған мәліметтері дәрігерлік сараптамадан өткізіледі. Болашақта ол дәрілік терапияны жақсарту процесін тездетуге көмектеседі.

Сонымен қатар, «онлайн-дәрігер» деп аталатын тегін қызмет іске қосылып отыр. Аталған қызмет пайдаланушылардың дәрігерлермен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді.

«Бұл жоба техникалық сипаттамасы жағынан өзіне ұқсас көптеген бағдарламалармен иық теңестіре алады. Әлеуметтік желімен қатар оның ұялы телефондарға арналған қосымшасы әзірленді. Оны телефондарына Android және iOS жүйелері пайдаланушылар тегін пайдалана алады», - деді порталға техникалық қызмет көрсететін компания қызметкері Александр Лепехов.

«Жаңа жүйе қатысты қоғамдық пікірді өзгертуге мүмкіндік береді. Өкінішке орай, біздің қоғамда эпилепсияға шалдыққан адамдарды кемсітушілер баршылық. Бұл ауруға қатысты түрлі алып-қашпа, негізсіз болжамдар көп. Оларға кейде пациенттердің өздері де сенеді. Мәселен, эпилепсия ешқашан емделмейді деген пікір бар. Бұл дұрыс емес. Аталған диагноз қойылған адамдардың 60-80 пайызын бір ғана дәрінің көмегімен емдеуге болады. Эпилепсия диагнозы қойылған адамдардың өмірге перзент әкеліп, бала сүюіне еш кедергі жоқ. Науқастың тұқым қуалау қаупі 2-8 пайыз ғана. Онда да аурудың тұқым қуалауы оның түріне байланысты болады. Сондықтан, эпилепсияға шалдыққан адамдар қоғаммен барынша ашық араласып, «жасырынуды» қоюы тиіс. Сол арқылы бұл ауру туралы шындыққа жанаспайтын қауесеттерге тосқауыл қоюы қажет деп ойлаймын. Бұл жерде NeuroWeb жүйесі қоғамдық пікірді өзгертуге мүмкіндік беретін басты нүкте болмақ», - деді Қазақстанның эпилепсияға қарсы ұлттық лигасының атқарушы директоры Ләйла Дайырбаева.

Соңғы жаңалықтар