+7 (701) 759 90 19
USD 426.32 EUR 496.24
RUB 6.04 CNY 66.74
Jańalyqtar

Эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай бірқатар шара өтеді - БҚО

2021 жылғы 13 қыркүйек 14:38
Бөлісіңіз:
Эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай бірқатар шара өтеді - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 14-15 қыркүйекте эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Қауланова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, биыл облыста Марабай жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеу, мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында шаралар қолға алынды.

Айталық, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «DANAgaz» журналының редакторы Нұрлан Сәдір бастаған мамандар жыраудың туған жерін, өскен ортасы мен шежіресін нақтылау, ұрпақтарын анықтау үшін Бөрлі ауданының Ақсу ауылдық округы, Шыңғырлау ауданының Тіксай ауылдарын аралады.

Сонымен қатар шығармашылық байланыс және жырау мұрасын зерттеу іссапарымен Қостанай облысының Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейі, Көкшетау қалалық Мәлік Ғабдуллин атындағы тарихи-мемориалдық музейі және Ақтөбе облыстық Қобыланды батыр мемориалдық кешені басшыларымен, ғылыми қызметкерлерімен кездесіп, мағлұматтарға қол жеткізді.

Г.Қауланованың сөзіне қарағанда, Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай 14 қыркүйек күні Оралдағы Достық үйінде «Марабай тағылымы» республикалық ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрында «Марабай» музыкалық драмалық композиция (авторы Нұрлан Сәдір, қойған Бөрлі аудандық халықтық «Мұрагер» театрының режиссері Әсел Молдағалиев) алғаш рет қойылады.

Келесі күні мерейтой Теректі ауданында «Жыр дүлдүлі – Марабай» аймақтық-республикалық жыршылар байқауымен жалғасын табады.

Брифингке қатысқан белгілі ақын Светқали Нұржан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жыраулар мектебін жоғалтпай, қайта тірілту керектігін, оралдық Фархат Оразовтай жыршыларға өңір басшылары тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов аймақтық жыршылар байқауына Қазақстанның батыс өңірлерінен тоғыз үміткер қатысатынын, Алмас Алматов, Берік Жүсіпов сынды белгілі жыршылардың қазылық ететінін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда күйші-композитор Тұяқберді Шәмелов атындағы тұңғыш республикалық байқаудың мәреге жеткенін жазған болатынбыз.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT