Эпиджағдай нашарлауда: Алтай Көлгінов қала тұрғындарына үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов соңғы күндері қалада эпидемиологиялық ахуал нашарлай түскенін мәлім етті. Ол сондай-ақ тұрғындарды вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті қала тұрғындары!

Қалада қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ахуал тұрақты. Алайда, соңғы күндері эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Елорда «қызыл» аймаққа өтті.

Егер бұған дейін коронавирус жұқтырудың тәулігіне орта есеппен 100-ге жуық жағдайы тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш 1200-ден 1,5 мыңға дейін өзгерді! Күніне 100-ге жуық науқас ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Бұл жай ғана сан емес, оның әрқайсысының артында әр азаматтың денсаулығы тұр. Ал бұл қаланың медициналық мекемелеріне үлкен жүктеме!», - деп жазды А.Көлгінов Instagram-да.

Оның айтуынша, елордада вирустың жаңа «омикрон» штамы тіркелгелі ахуал күрт нашарлаған.

«Каламызда коронавирустың жаңа штамы – «омикрон» пайда болғалы бері науқастар қатары күрт өскенін байқап отырмыз. Дәрігерлер айтқандай, бұл жағдай өткен мерекелік күндермен тікелей байланысты. Омикрон штамы жылдам тарайды, барлық жастағы адамға жұғады. Жедел медициналық жәрдем станциясына тәулігіне 4,5 мыңнан аса адам жүгінеді, шақырулар – 2 мыңнан астам.

Бүгін №10 емханаға бардым. Негізгі күш қаланың емханаларына түсіп отыр. Амбулаториялық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырдым. Осыған дейін коронавируспен ауыратын науқастардың үйіне қатынайтын мобильді бригадалардың саны 300-ге дейін артқан. Сол сияқты қаланың медициналық мекемелері қосымша жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған.

Қосымша тағы 4 ауруханаға инфекциялық стационарлар орналастырылды. Бұл бізге төсек санын екі есе арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда 1200-ден астам төсек-орын бар.

Науқастар санының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға, адам көп жиналатын орындарға бармауға, бір-біріне қонаққа бармауға, ірі отырыстарға қатыспауға шақырамын», - деді Нұр-Сұлтан басшысы.

Сондай-ақ Алтай Көлгінов қала тұрғындарын вакцинациядан және ревакцинациядан қарқынды өтуге үндеді.


Соңғы жаңалықтар