Эпидемиолог коронавирусқа қарсы бустерлік вакцинаны ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Коронавирустың ревакцинациясы тиімді және инфекцияның пайда болу қаупін бірнеше есе азайтады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласының штаттан тыс бас эпидемиологы, Орталық қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Эпидемиологтың сөзінше, қаладағы вакциналардың барлығы қоздырғышқа қарсы иммунитетті қалыптастырып, барлық штамдардан қорғануда жоғары тиімділікті көрсетті.

Ол сондай-ақ халықты үшінші вакцинаны салдыруға шақырды.

«Вакцинация өткен жылы басталды, медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері ақпан айында егілді. Жаппай егу сәуір айында басталды. Уақыт өте келе күшейту дозасы қажет болды, өйткені штамм мутацияға ұшырады. Қазір біз бір жыл бұрын егілгендерге төртінші және бесінші екпелерді ұсынамыз», - деді ол.

Брифинг барысында спикер «кентавр» коронавирусының штаммы ел аумағында тіркелмегенін айтты.

«Зертханалар реттілік бойынша жұмысты жалғастыруда, егер жаңа штаммдар анықталса, бұл туралы хабарланады»,- дейді дәрігер. Сондай-ақ ол коронавирус індеті толқын тәрізді сипатқа ие екенін, әлемде эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақталмағандығын жеткізді. Осы жылдың наурыз айынан бастап дерт жұқтырудың төмендеуі байқалған. Сәуір және мамыр айларында жеке жағдайлар тіркелді. Бірақ шілде айының басында жұқтырғандар санының өсуі қайтадан басталды. «Біз осы уақытта стационарға келіп түскен науқастарға мониторинг жүргіздік және 70%-ы вакциналанбағанын анықтадық. Олардың арасында қатар жүретін аурулардың болуына байланысты қорқып, екпе алмаған зейнеткерлер де болды. Бірақ барлық емханалық мекемелер, керісінше, созылмалы аурулары бар адамдарды ең алдымен коронавирусқа қарсы вакциналануға шақырады», - деді Эльвира Ибрагимова.

Эпидемиолог сақтық шараларын сақтау маңызды екенін тағы да еске салды. Қоғамдық орындарда маска кию – тыныс жолдарының инфекциясы мен коронавирус ауруын азайтуға көмектесетін маңызды және тиімді шара. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кеше мегаполисте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 79 жағдайы тіркелген, оның 71-і симптомды. Қазірде инфекциялық стационарларда 500 төсек-орын болса, 68 адам физикалық тұрғыда жатыр. Осы уақытта үйде мобильді бригадалар мен Телемедицина орталығының бақылауында 656 пациент бар.

Сондай-ақ ведомство 16 тамыздағы жағдай бойынша вакциналанған алматылықтардың саны туралы айтты. Өткен тәулікте бірінші компонентпен – 134 адам, екінші компонентпен – 238 адам вакциналанды. 738 адам ревакцинациядан өтті.

Алматыда 88 екпе пункті жұмыс істейді, оған 300-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылған. Эльвира Ибрагимова елімізде вакцинация әлі де тегін жүріп жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар