Эпидемиолог: Коронавирус індетінен тек вакцина ғана қорғай алады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Эпидемиолог дәрігер Марал Қадырдың айтуынша, коронавирус індетінен екпе ғана қорғай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне сенсек, вакцинаның пайдасы ғылыми дәлелденген. Дәрігердің мәліметінше бүгінге дейін әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарды.

Оның сегізі бүгінде Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алып, қолданысқа берілді.

«Вакцинацияны жаппай жүргізудің нәтижесінде бірқатар елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталған. Мәселен, карантин режимі тоқтатылып, маскасыз жүруге рұқсат берілді. Коронавирус індетінен бізді тек екпе ғана қорғай алады. Бұл ғылыми дәлелденген», - деді Марал Қадыр.

Қазір Маңғыстауда отандық QazVac, ресейлік «Спутник V» вакцинасы және арабтың Hayat-Vax екпесі жеткілікті мөлшерде бар.

Аймақта вакцинаның екі компонентін алған адам саны - 21 384. Спикердің айтуынша, бұл – төмен көрсеткіш.

Өйткені өңірде 656 адам коронавирус індетіне қарсы ем алып жатыр. Оның 219-ы ауруханада болса, 437-і үйде оқшауланып емделуде.

«Науқастар, сөзсіз, көп адаммен байланыста болды. Осы орайда қауіпті індетті таратпау маңызды. Ал бұл үшін екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Қазір қолданысқа беріліп жатқан нормативтік құжаттарға сай, вакцинаның екі компонентін алған адам ПТР тестісіз, әлем бойынша емін-еркін қозғала алады», - деді Марал Қадыр.

Ал Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевтың айтуынша, өңірде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайтын 50 мониторинг тобы бар.

1 қаңтар мен 2 маусым аралығында 1511 рейд жүргізіліп, 10 202 нысан тексерілді.

«Рейд барысында 54 нысанда карантин талаптарын бұзу фактісі анықталды. Нәтижесінде 54 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 5 - заңды тұлға, 24 жеке тұлға және 25 жеке кәсіпкер. Салынған айыппұл 11 843 020 теңгені құрайды», - деді Ғазиз Надуев.


Соңғы жаңалықтар