Эпидахуал нашарлаған жағдайда алматылықтар не істеуі керек - маман кеңесі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әлемдік эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық санитарлық экпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Әлемдегі эпидемиологиялық ахуалды қалай бағалайсыз?

- Әлемде эпидемиологиялық ахуал ушығып келеді. Қазір ең көп індет жұқтырушылар АҚШ мемлекетінде тіркеліп отыр. АҚШ-та бір тәулікте – 217 мың адам, Түркияда – 33 мың адам, Үндістанда – 26,5 мың адам, Германияда – 18,3 мың адам, басқа елдерде тәулігіне 10-15 мың адамнан тіркеліп жатыр (Франция, Италия, Ұлыбритания, Украина, Иран).

Бұл көрсеткіш кез келген эпидемиялық процесс сияқты толқынды сипатқа ие. Қазір көп елдерде екінші немесе үшінші толқын басталып жатыр. Бірінші толқын кезінде имундық жабынды толық қалыптаспаған.

Екіншіден, көптеген елдерде карантин режиміне немқұрайлы қарау көрсеткіші бар. Телеарнадағы ақпаратқа сенсек, көп елдерде жаппай демонстрациялар болып жатыр.

Үшіншіден, европалық жоғары патогендік вирус штамы тарала бастады. Эпидемия ауқымының кеңеюіне кей елдерде қалыптасқан көп ғасырлық тамақтану дәстүрі ықпал етіп отыр.

- Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Еуропа Одағы елдерінде қатаң шектеулер жарияланды. Ауру жұқтыру көрсеткіші қалыптан асқан жағдайда алматылықтар не істеуі керек?

- Алматылықтар сақтық шараларын қатаң сақтануы керек. Билік міндеттеп отырған барлық шектеу шараларына бағынуы керек. Тыйым салынғанына қарамастан той, отырыс, құдалық сияқты дәстүрлі шаралар өтіп жатқанын білеміз. Адамдар масканы иегіне немесе аузына ғана тағып алып, алаңсыз жүргені рас.

- Ауа райының өзгеруі коронавирус инфекциясына қалай ықпал етеді? Күн суыған жағдайда қауіп одан әрі күшеюі мүмкін бе?

- Практикадан белгілі болғандай, коронавирус маусымдық кезеңге бағынбайды. Бірінші толқын Алматыда маусым-шілде айларына келді. ЖРВИ, тұмау вирустары қабат келген жағдайда қалай боларын болжаудың өзі қиын.

Вирус инфекциялары асқынған жағдайда адамның жүрек қантамырлары, тыныс алу жүйесіне ауыр зақым келтіретіні рас. Ал коронавирус қанның ұйып, тромбозға әкелуіне ықпал етеді.

- Алматы қаласы қазір сары аймақта тұр. Осыған байланысты қалалықтарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

- Адам иммунитетін күшейтудің жолдары көпшілікке белгілі. Ал вирустың алдын алу тек қана сақтық шаралары қабылданған жағдайда мүмкін болады.

- Желтоқсан айында мереке мен демалыс күндері көп. Көбі қала сыртына шығуды жоспарлайды. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Бірқатар елдерде жаппай аурудың өршіп тұрғанын ескере отырып, шетелге шығуды шектеу қажет пе?

- Бірқатар елдерде аурудың кеңінен таралуын ескере отырып, шетелге шығуды шектеу талабы ұсынылады. Қаладан тыс сапарға шығуға да кеңес берілмейді, ұжымдық иммунитет деп аталатын халықтың көпшілігінде иммунитет пайда болатын жаппай вакцинацияға дейін күткен дұрыс. Қажет болған сапар барысында маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек.

- Карантин шектеулеріне байланысты азаматтардың жаңа жылдық корпоратив және жаппай отырыс өткізе алмайтыны белгілі. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген кәсіпкерлер, нысан иелері және қала тұрғындары тәжірибе көрсеткендей, банкеттер өткізіп, шектеу шараларын әдейі бұзуы мүмкін. Осындай жаппай шараларды өткізу неге әкеп соқтырады? Жұқтыру қаупі қандай?

- Шектеу шараларын қасақана бұзатын мұндай отырыстарда ұзақ және тығыз байланыс болатындықтан, жұқтыру қаупі өте жоғары. Мұндай бұзушылықтар инфекцияның өршуіне, банкетке қатысушылардың ғана емес, сонымен қатар отбасы мүшелерінің де індет жұқтырып, ауыруына әкеледі.

- Қала тұрғындарына алдағы мерекелерді атап өтуге қатысты қандай ұсыныстар бере аласыз? Жалпы, алдын алудың қандай бағыттарын күшейту керек?

- Қала тұрғындарына алдағы мерекелерді тойлауға қатысты көпшілік іс-шаралар мен мерекелерден бас тартуға, мерекені отбасында атап өтуге кеңес береміз. ҚР және Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысында көрсетілген шектеу шараларын күшейту керек.

- Сұхбатыңызға рахмет.


Соңғы жаңалықтар