ЕО өкілі Қазақстан Үкіметімен Ресейге қайта экспортталып жатқан тауарлар жөнінде диалог жүргізеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Қазақстан Үкіметімен Ресейге қайта экспортталып жатқан тауарлар жөнінде диалог жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол Еуропалық Одақтың Астанадағы өкілдігінің кеңсесінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.

«Біз қазақстандық серіктестерімізбен бірге күдік тудыратын сауда көлемдерін анықтадық. Қандай тауарлардың экспорты Еуропадан Қазақстанға ұлғайғаны және сол тауарлардың Ресейге қайта экспортталатын жағдайлары белгілі болды. Стратегиялық маңызы өте жоғары тауарлардың тізімін жасадық. Бұл тауарлар әскери мақсатта қолданылуы мүмкін және біз оларды қос қолданыстағы немесе озық технологиялардың тауары деп атаймыз», - деді арнайы өкіл.

Оның айтуынша, аталған тауарлар тікелей немесе жанама түрде Ресейдің әскери әлеуетін күшейтуге көмектесуі мүмкін.

«Осы себеппен мен бүгін және ертең Ұлыбритания мен АҚШ-тан келген әріптестерімізбен бірге Қазақстан Үкіметімен, Қазақстан өкілдерімен осы жағдайды қарастырып, осындай сауда көлемдерін толығырақ талқылап, осы қос қолданыстағы немесе озық технологиялы тауарлар Ресейге баратынын немесе бармайтынын анықтап, ондай жайттар расталса, оны қалай шешеміз деген диалог құрамыз. Айта кетерім, бұл санкциялар алдағы уақытта әлі де қолданыста болады. Тіпті, алдағы бірнеше аптада немесе бірнеше айда осы соғыс аяқталады деп елестеткен күннің өзінде бізге шешуге тура келетін көптеген мәселелер әлі де бар. Демек, мен айтқан санкциялар болашақта да болады», - деді Дэвид О'Салливан.


Соңғы жаңалықтар