ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Еуропа мен Орталық Азия ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айтты

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Еуропалық компаниялар Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Бішкекте «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумында ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Форум барысында Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Орталық Азияның гүлденуі Еуропа үшін маңызды екенін атап өтті. Бірінші кезекте өңір ЕО үшін серіктес ретінде маңызды болып тұр. Сонымен қатар, біздің ынтымақтастық Орталық Азия мен ЕО аумағында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау тұрғысында басымдыққа ие. Екіншіден, сауда саласына ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта елеулі жетістіктер бар, яғни өте жақсы негіз бар деп айтуға болады. Дегенмен, сауда қатынастарын алдағы уақытта да нығайта түсу керек деп санаймыз», - деді Кестутис Янкаускас.

Оның айтуынша, еуропалық компаниялар Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр.

«Барлық елдерге соңғы буынды технологиялар керек. Осы бағытта ынтымақтастық маңызды деп білеміз. Бұдан бөлек, ЕО қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне екпін қойып отыр. Біз климаттың өзгеруі проблемаларын жалғыз еңсере алмайтынымыз түсінікті. Сондықтан осы салада Орталық Азия елдерін өте маңызды серіктес деп санаймыз», - деді ЕО елшісі.

Бұл тұрғыда ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуге қатысты айрықша мән беріп отырғанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 5 қарашада Бішкекте Премьер-Министрлер деңгейінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы өтті.

ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин 2023 жылы «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы бойынша Қазақстанды қабылдаушы тарап ретінде ұ сынды.

Форумға онлайн-режимде қосылған Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Орталық Азия климаттың өзгеруі салдарын көріп жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар