ЕО арнайы өкілі Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарарына пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы Еуропалық Парламенттің қарарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз туындаған мәселелерді анықтау үшін диалогты жөн көреміз. Біз қазақстандық тарап адам құқықтары мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізіп жатыр деп санаймыз», - деді Питер Буриан ақпан айында қабылданған Еуропалық Парламенттің сыни қарары туралы сұраққа жауап бере отырып.

«Біз реформа мен өзгерістер процесі оңай емес екенін көріп отырмыз. Менің ойымша, Қазақстанда отыз жыл ішінде болған оқиға – таңғаларлық жағдай», - деп атап өтті ол.

«Бұл, әсіресе, мемлекеттік институттарды нөлден бастап құрған елдер үшін үлкен жетістік. Бұл ретте олар жаһандық сауда жүйесі мен жаһандық және өңірлік деңгейдегі басқа да процестерге ықпалдаса алды. Бұл процестердің күрделілігін тек олар ғана түсіне алады», - дейді еуропалық дипломат.

«Біз сіздің халқыңыз бен үкіметіңізге өз тағдырын қалай құруға болатынын үйреткіміз келмейді, бірақ өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Біз кейбір сәттер ұнамағанына қарамастан, Қазақстан үкіметінің бұл қарарға реакциясы дұрыс болды деп санаймыз», - деп атап өтті Питер Буриан.

«Диалог үшін есікті жабудың қажеті жоқ, керісінше, диалогты кеңейтіп, Еуропалық Парламентте белгілі бір сәттерге сыни көзбен қарайтындармен сөйлесу керек», - деді ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі.


Соңғы жаңалықтар