ЕО 2024 жылы гаджеттерге қуат беру құрылғысының бірыңғай стандартын қабылдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропалық Одақ мобильдік телефондарға қосылатын құрылғылардың бірыңғай стандартын қолдану туралы шешім қабылдады. 2024 жылдың күзіне қарай зарядтау құылғылары, құлаққап, колонка, камералар USB-C форматта болуы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews сайтына сілтеме жасап.

Брюссельде мұндай қадамның пайдаланушы үшін ыңғайлы болып, шығынды азайту үшін ғана емес, экология үшін де қажет екенін айтып отыр.

«Жаңа ереже жылына бір мың тоннадан астам электронды қалдықтарды азайтады. Елестете аласыз ба, жалғыз заң ғана. Сондай-ақ, бұл CO2 қалдықтарын айтарлықтай азайтады. Бұл 10 млн cмартфон немесе 2600 тонна шикізатқа тең. Бүгінде шикізат бұрынғыдан да құнды екенін білесіздер», - деді Еуроодақтың ішкі нарық жөніндегі комиссары Тьерри Бретон.

Бұл шешімнің ең үлкен қарсыласы болған Apple компаниясы «Айфон» құрылғыларына меншікті Lightning қосқышын пайдалануда. Еуропа нарығына енді одан бас тартуға тура келіп отыр.

Apple компаниясының пікірінше, Брюссельдің бұл шешімі саланың дамуы мен инновацияларды енгізуді тежейді. Басқа сыншылар болса, еуропалық стандарттың тез танымал бола бастаған сымсыз зарядтау құрылғыларына еш қатысы жоқ екенін айтуда.

Жаңа ереже ұялы телефондар, планшеттер, құлаққаптар, жылжымалы ойын құрылғылары, портативті динамиктерге қатысты енгізіледі. Ноутбук өндірушілері үшін жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін өндірісті бейімдеу үшін 40 ай уақыт беріледі, деп жазады BBC News.

Сонымен қатар, жаңа құжат сатып алушыларға құрылғыны зарядтау құрылғысымен немесе онсыз сатып алуын таңдау құқығын беруі керек.

«Бұл заң ЕО-ның өнімдерді тұрақты ету, электронды қалдықтарды азайту және тұтынушылардың өмірін жеңілдету жөніндегі жалпы күш-жігерінің бір бөлігі», - делінген Еуропарламент мәлімдемесінде.

Парламентарийлердің бағалауынша, бұл тұтынушыларға зарядтағыштарды сатып алудан жылына 250 миллион еуроға дейін үнемдеуге көмектесіп, қалдық көлемін жылына 11 мың тоннаға қысқартады.



Соңғы жаңалықтар