Еңсең түспесін, Алашым: Ибрагим Ескендір #Birgemiz акциясын әнмен әрледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әнші Ибрагим Ескендір #Birgemiz үндеуіне атсалысып, ән шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қиын-қыстау заманда, не болмаған бұл даламда» деп басталатын ән арқылы әнші акцияға үн қосып отыр.

«Еңсең түспесін, Алашым! Тар жол, тайғақ кешкен елміз ғой, сын-сағатта бірлікте болайық. Алла елімізге келген індеттен аман-сау өтуімізді нәсіп етсін! Біргеміз, қазағым», - деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Айта кетсек, сын сағатта қолдан келген көмегін аямаған еліміздегі кәсіпкерлер мен волонтерлер #Birgemiz үндеуіне атсалысуда.

Мәселен Батыс Қазақстан облысы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма жанынан құрылған «Ақ жайық жастары» волонтерлік қозғалысы Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жариялағаннан кейін халықтың көмекке мұқтаж тобына көмектесу туралы шешім қабылдаған.

Ал Өскемен қаласындағы волонтерлер қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізумен айналысуда.

Ал Қостанай облысында Амангелді ауданы орталығындағы 3 мектептің 1981 жылғы түлектері аз уақыт ішінде аудандағы 7 отбасыға жақсылық жасады. Олар қайырымдылық эстафетасын Амангелді ауданының 1980 жылы туылған түлектеріне жолдап, сауапты шара жалғасын тапты.

Ал Ақмола облысының жастары коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында жаңа челлендж бастап кетті.

Түркістан облысының еріктілері өңірде сақтық шараларын жүргізуге қолғабыс етуде. Төлеби ауданындағы медицина колледжінің волонтерлері 100 дана медициналық масканы қолдан тігіп, көпбалалы отбасыларға беруде.

Жастар сондай-ақ, қоғамдық орындарда арнайы дайындалған жадынама таратып жүр. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарымен де айналысады.



Соңғы жаңалықтар