Энергия үнемдеуде Қазақстанда қандай сәтті қадамдар жасалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр энергияны үнемдеу саласында Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның экономикасы дамыған сайын энергоресурстарға деген қажеттілік бір мысқал да кеміген емес. Соңғы жылда Қазақстанда энергия үнемдеудің негізгі шарттары жасалды. Атап айтқанда, салалық заң қабылданып, энергия үнемдеудің аймақтық кешенді жоспарлары, Энергия үнемдеуді дамыту институты мен Мемлекеттік энергетикалық реестр құрылды. БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНИДО, ДЕНА, Бүкіләлемдік банк секілді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жолға қойылды», - деді вице-министр Астанада энергияны үнемдеу жөнінде өтіп жатқан алғашқы халықаралық форумда.

Роман Склярдың айтуына қарағанда, энергия ресурстарын тұтыну бойынша басым қажеттілік еліміздегі өнеркәсіп саласында байқалады. Яғни, Қазақстандағы электр энергиясының 30 пайызын 65 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын тұтынады.

«Бүкіл әлемде урбанизация процесі ерекше қарқынға ие. Бұрын әлемдегі халықтың 30 пайызы ғана қала тұрғыны болса, қазіргі таңда 54 пайызы қалада тұрады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тек өсе беретіндіктен, энергияны тұтыну мөлшері де арта түспек. Дамыған елдерде қалалар энергетикалық ресурстардың негізгі тұтынушылары болып кетті», - деді ол.

Роман Скляр өз сөзінде энергия үнемдеу туралы Қазақстанда заң жобасы дайындалып жатқанын айтып өтті.

 

Соңғы жаңалықтар