Энергия үнемдеу бойынша Павлодар облысы көш басында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергия үнемдеу көрсеткіші бойынша көш басына Павлодар облысы шығып, төменгі көрсеткішті Алматы қаласы көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік жыл сайын энергия үнемдеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мынадай өлшемдер бойынша бағалау жүргізеді: индикаторлар мен міндеттерді орындау, мемлекеттік мекемелер мониторингі, бюджеттік ұйымдарда энергия аудитін жүргізу, тиімді жарықтандыру көздеріне көшу және тағы басқалар. Өздеріңіз көріп отырғандай, Астана қаласын қосқанда 10 өңірдің көрсеткіші орташа. Ал, Алматы қаласын қосқанда 5 өңірде көрсеткіш төмен», - деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Павлодар облысы кәсіпорындарының энергия үнемдеу қызметіне жоғары баға берілген.

«Онда 2013 жылдан бері энергия үнемдеу бөлімі жұмыс істейді. Төрт мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының екеуі Павлодар облысында іске асырылып жатыр. Бұл - Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы көше жарықтандыруды жаңғырту жобалары. Сондай-ақ, Атырау мен Қызылорда облыстарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бір жобадан іске асырылып жатыр. Бұл - Атырау қаласының көшесін жарықтандыру және Қызылорда облысындағы бір орта мектептің қазандығын жаңғырту жобалары», - дейді ол.

Министр осыған байланысты Үкімет басшысынан бұл бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма беруді сұрады.

«Барлық өңірлерге энергия үнемдеу бойынша, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру мен энергия үнемдеуді насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсыруыңызды сұраймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар