Энергетиктердің айлығы республикалық орташа жалақыдан да төмен – кәсіподақ өкілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі білікті энергетиктер көрші елдерге кетіп қалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас энергетика саласындағы жұмысшы мамандардың айлығы соңғы 20 жылдан бері өзгермегенін айтады.

«Бүгінде Қазақстандағы жылу-электр энергиясын өндіретін және тарататын кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылыққа қатер төндіретін ахуал қалыптасып отыр. Бұған кейінгі 20 жылдан бері өзгермей келе жатқан еңбекақы деңгейінің төмендегі әкелді. Ұлттық статистиканың мәліметтері бойынша, 2020 жылдың төртінші тоқсанында елдегі орташа еңбекақы көлемі 233 136 теңге болғанда энергетикатердің айлығы 6,86% төмен болған» - дейді кәсіподақ төрағасы.

Ол, сондай-ақ, бұлай жалғаса берсе, білікті мамандардың бәрі көрші елдерге ойысып кетуі мүмкін деген қаупін білдірді.

«Мысалы «Атырау-Жарық» АҚ-дағы 1311 жұмысшының 98-і жұмыстан өз еркімен кеткен. Қостанай жылу-энергетикалық компаниясындағы 753 адамның 256-сы басқа жұмысқа ауысқан. «СевКазЭнерго» кәсіпорнындағы 1150 жұмысшының 191- Ресейден нәпақа табуға кеткен», - деді Оразбек Бекбас.

Кәсіподақ төрағасы көрші елдерде энергетиктерге деген көзқарас басқаша екенін де айтты.

«Еңбекақының төмендігі кадрлардың жалақысы жоғары басқа салаларға, тіпті көрші мемлекеттерге де кетуіне алып келеді. Мысал ретінде, Ресейдегі энергетиктердің жалақысы жалпы елдегіден 21%-ға жоғары. Беларусь Республикасында бұл көрсеткіш 28%, ал Қырғыз Республикасында 44%-ға жоғары», - деп түйіндеді сөзін Оразбек Бекбас.


Соңғы жаңалықтар