Энергетикалық тапшылық мәселесінде Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізінің әлеуеті пайдаланылса игі - Ж. Төрегелдинов

None
None
анның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Соңғы жылдары әлемнің беделді ұйымдарынан бастап, белгілі тұлғаларына дейін ғаламдық жылынуға қатысты алаңдаушылығын танытып,

жұрттың назарын алатын шараларды ұйымдастырып келеді. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына орай, күннің күрт жылынуы әлем бойынша экономикалық әсер беріп қана қоймай, экологиялық апаттарға, бүкіл тіршілік атаулыға өз зиянын тигізетіні анық. Дегенмен де экономикалық бәсекелестік басты қағидатқа айналған дәуірде зиянды өнеркәсіпті дамыта түсу мен энергия ресурстарын пайдалануға шектеу қою мүмкін емес тәрізді. Жаңартылатын энергия көздерін, экологиялық таза балама энергияларды пайдалануды қолдау шаралары жаһандық деңгейде бастама алып келеді. Бірақ, жыл өткен сайын жылынудан басталатын экологиялық апаттарға қатысты қорқынышты болжамдар өршіп отыр.  

Осындай жаһандық ауқымдағы жылыну кейбір дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда белгіленген мөлшерден екі есеге артып келеді екен.  Қазақстанның Киото хаттамасын қабылдауы, жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беретін заңдарды қабылдауы да соның әсерінен болар, бәлкім. Бірақ негізгі мәселе басқада. Расында, қазіргі күні жаңартылатын энергия көздері еліміздегі жалпы электр энергиясын өндіру көлемінде шамамен 0,1 пайызды құрайды. 2024 жылға таман бұл көрсеткішті жалпы республика бойынша өндірілетін электр энергиясының кем дегенде 5 пайызына дейін жеткізу көзделеді. Дегенмен, қазіргі уақытта Қазақстанда экологиялық жағынан еш зияны тимейтін, бірақ аса мол әлеуеті ешқандай пайдаға аспай жатқан, еуропалықтар армандайтын таза энергия қуаттарының көздері толып жатыр. Осылардың бірлі-жарымы ғана туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Жұмабек Төрегелдинов мәселе көтеріп, үкімет басшысының атына сауал жолдаған еді.

 

 «Біздің атымызға «Жетісу» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ атынан хат келіп түсті. Онда Алматы облысында жаңартылатын энергия көздерінің құрылысын салуға қатысты мәселе көтеріліпті. Өздеріңізге белгілі, Алматы облысы мен Алматы қаласы республикамыз бойынша энергияға аса тапшы аймақ. Атап айтқанда, жалпы облыс бойынша энергия тапшылығы 700 МВт-ты, ал Алматы қаласы бойынша 500 МВт-ты құрайды. Осыған орай, орын алған жағдайды оңтайлы шешу мақсатында «Жетісу» ӘКК осы аймақтардан шағын гидроэлектр стансалар (ГЭС) мен жел электр стансаларының (ЖЭС) құрылыс жобаларына қатысты біршама бастама көтерген екен. Бұндай жобаларды жүзеге асыру өңірдегі энергия тапшылығын өзіндік ресурстармен жабуға, электрмен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға жағдай қалыптастыратыны ақиқат», деді сенатор.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанның гидроәлеуеттерді пайдалану мүмкіндігі 62 млрд. кВт/с деңгейінде болса, мұның тек  8 млрд. Квт/с ғана пайдаланылады екен. Ал Алматы облысында таулы өзендердің орналасуы жағынан гидроэнерго-ресурстардың 65 пайыз қорын іске жаратуға, пайдалануға болады екен. Тіпті «Қазгидро» институты ондай құрылыстардың орнын сызып, жұмысын бағалап та қойған. Ол бойынша шағын ГЭС-тар салуға қолайлы таулы өзендердің учаскелері мен гидроқұрылыстар орны анықталып, іске кірісуге сақадай сай көрінеді.

Ал осы аймақтан шағын ГЭС-тардың бірінші кезектегі құрылыс каскады электрэнергиясын шығаруды 117,4 МВт қуатқа арттыратын көрінеді. Оның ішінде Қаратал өзенінен - 12,8 МВт, Бурақожырдан - 10 МВт, Текестен - 7,3 МВт,  Кескентеректен - 6,7 МВт, Өсектен - 25 МВт, және басқа да орындарда осындай жиынтыққа жеткізуге болады. Бұнымен қоса, «Жетісу» ӘКК 2020 жылға дейін Алматы облыстарындағы өзендерден шағын ГЭС каскадтар құрылысын арттырып, олардың қуатын 1000 Мвт-қа дейін жеткізуді жоспарлайды. Бірақ мәселенің барлығы тек қаражатқа тіреліп отыр.

«Бұдан басқа, әлем бойынша ең әлеуетті жел электр стансасын салу үшін аса бірегей құрылыс алаңы болып табылатын - Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізі де осы Алматы облысында орналасқан. Расында да, дүниежүзінде Жоңғар қақпасы ЖЭС салу үшін ең перспективалық, қуатты орын деп танылғаны да баршаға мәлім. Осы қақпадағы бос жатқан алаңқайлардың өзі ЖЭС қуатын жылына 5 мың МВт/с-ға дейін арттыруға мүмкіндік берсе, Шелек дәлізі де 4 мың МВт/с қуат өндіруге шамасы келеді. Егер осы айтылған жобалар құрылысы басталса, Алматы облысында жаңа қуатты әрі залалсыз энергия көздері іске қосылатын еді. Құрылыс барысында 5 мың 807 жаңа жұмыс орындары ашылса, кейіннен мұнда 3 мың 700-ге тарта адам қызмет ете алатын еді. Бұл жобалар Қазақстанның индустрияландыру картасына де енгізіліп, Алматы қаласы мен облысының тиісті мекемелері тарапынан толық мақұлданған. Тек қаржы қолбайлау», деген сенатор Ж. Төрегелдинов Үкімет басшысынан 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлуді сұрайды.  Жобалардың жалпы құны әзірше 28,8 млрд. теңге шамасында болып отыр.

Тоқтала кететін жайт, «Жетісу» ӘКК АҚ аталған маңызды жобаларға орай Халықаралық Даму Банкімен, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен, Азия Даму Банкімен, Ислам Даму Банкімен келіссөздер жүргізіпті. Нәтижесінде аталған банктер тарапынан жалпы құрылыстың 60 пайызға дейінгі қаражатына қатысты инвестиция тарту жөнінде келіссөздерге қол жеткізілген. Дегенмен, мәртебелі банктер ең алдымен осы жобаға мемлекеттің қатысуына мүдделі болып отырған сыңай танытқан.

Ендеше, таза энергия өндіретін, дәстүрлі энергиялық отынның бағасына тәуелділіктен құтқаратын, экологиялық тазалыққа тән,  энергия құнының бәсекелестігін артыратын басымдықтарды қамтитын жобаға мемлекеттік көзқарас болса игі.

Соңғы жаңалықтар