Энергетикалық батончик, глютенсіз ұн, қақталған ет - Ғалымдар Президентке қандай өнім таныстырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде болып, білім ордасы ғалымдары әзірлеген азық-түлік өнімдерімен танысты. Сол сәт таспаланған суреттердің бірінен Қазақстан Президентінің қолына бір қорапты алып, үңіле қарағанын байқауға болады.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы зер сала қараған қорапта не болды екен» деген қызығушылықпен аталған университетке хабарласып, Президентке өнімдерін таныстырған ғалымдардың бірі - Тағам және қайта өңдеу өндірістері кафедрасының аға оқытушысы Жұлдыз Сатаевамен тілдескен едік.

«Біз Президентке бір компаниямен арадағы шаруашылық келісімшарт аясында әзірленген энергетикалық батончик топтамасын таныстырған едік. Бұл - таза табиғи өнім. Оның құрамында ГМО, глютен, қант, қант тәріздес өнімдер мүлдем жоқ. Жолда немесе қоғамдық тамақтану орнынан жырақта жүрген адамдар оны таңғы ас, түскі не болмаса кешкі астың орнына тұтына алады. Құрамына қарай 45 граммдық батончиктің құны 132 теңгеден 170 теңгеге дейінгі аралықта болады. 100 грамм өнімнің құнарлылығы 220-дан 280 кКал-ға дейінгі шамада. Ал бұл өнімнің жаппай өндіріске қашан шығары әзірше белгісіз», - деді ғалым.

Оның айтуынша, мұнан бөлек, Мемлекет басшысының назарына сиыр, ешкі сүтінен әзірленген сүт өнімдері, бие сүтінен дайындалған балмұздақ пен іріткі ұсынылды. Қазақстан аумағында жабайы өсетін жеміс-жидекпен байытылған өсімдік майы да көрсетілді.

«Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы асқабақ, қауын, жүзім дәнегі, жер жаңғағы және күнжіттен, майсыздандырылған жомнан алынған глютенсіз ұнға да ерекше назар аударды. Мұндай ұнға алдағы уақытта сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Себебі қазіргі уақытта бидай, арпа, қара бидай сынды астық дақылдарының құрамында кездесетін глютенді көтере алмайтын адамдардың саны жылдан-жылға артып келеді», - деді Жұлдыз Сатаева.

Ғалым Мемлекет басшысына аграрлық университет ғалымдары әзірлеген «Ұлытау» ұлттық пісірілген-қақталған ет өнімдері де таныстырылғандығын айтады.

«Қазақ агротехникалық университетімен бизнес серіктесіміз - Екібастұз қаласындағы «Рахмет» ет өңдеу кешені арасындағы келісімшарт аясында ғылым мен бизнестің синергиясы жүзеге асырылды. Нәтижесінде аталған кешенде шығарылатын өнімнің сапасы артып, өндірістік шығын айтарлықтай төмендеді. Соның арқасында жалпы өнім 1,5 есеге артқан болатын», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне барып, оқу орнының білім беру және ғылым-зерттеу жұмыстарымен танысты, сондай-ақ, оқытушылармен, студенттермен әңгімелескен еді.


Соңғы жаңалықтар