Энергетика вице-министрі Сәдібеков үйқамаққа ауыстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековке бұған дейін қолданылған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сот үй қамауында ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Ол 2 айлық мерзімге үй қамауына алынды», - деді Сәдібековтің адвокаты Альмира Шайхина.

Еске сала кетейік, 2 наурыз күні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР Энергетика министрлігі лауазымды тұлғаларының қылмыстық қызметінің жолы кесілгенін мәлімдеген болатын.

Энергетика вице-министрі Ғ. Сәдібековке «Аймақ» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Д. Дуанбекпен сөз байласып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Қылмысқа Энергетика министрлігінің департамент басшысы Ж. Нұрбеков және мердігер ұйымның өкілдері С. Жұмалинов және Б. Қадырберлин де қатысқан.

2 наурыз күні Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты күдіктілер - Ғани Сәдібеков пен Серікбай Жұмалиновке қатысты екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар