Энергетика министрлігі ядролық сынақтарға тыйым салу шартын қадағалайтын ұлттық орган болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт бойынша ұлттық орган болып бекітілмек. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2001 жылғы 14 желтоқсандағы ҚР Заңымен ратификацияланған, 1996 жылғы 30 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында жасалған Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты іске асыру мақсатында ҚР Энергетика министрлігі Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт бойынша ұлттық орган болып тағайындалсын», - делінген қаулыда.

Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеге сай, енді Энергетика министрлігіне шарттың сақталуын бақылау міндеті жүктеледі.

«Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа сәйкес, әрбір қатысушы мемлекет ядролық қарудың сынақ жарылысын жасамауға, оның бақылауындағы кез келген жерде ядролық жарылысқа тыйым салуға және оның алдын алуға міндеттенеді. Шарттың сақталуын жан-жақты бақылау сейсмикалық, радионуклидтік және инфрақызыл бақылау саласындағы қазіргі заманғы технологиялар қолданылатын ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт бойынша ұйымға жүктелген. Тексеру режимі ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт шеңберінде құрылады. Оған сейсмологиялық, радионуклидтік, гидроакустикалық және инфрақызыл бақылау жүйелері жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ консультациялық рәсімдер, жергілікті жерлердегі инспекциялар және қауіпсіздік шаралары кіретін халықаралық мониторинг жүйесі кіреді», - деп түсіндірме берілген қаулыға.

Құжатты ашық талқылау 28 наурызға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар