Энергетика министрлігі өңірлердегі қоқыс деңгейін қадағалайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика министрлігі тұрмыстық қатты қалдықтар бойынша әкімдіктердің атқарған қызметтеріне мониторинг жүргізеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде аталған ведомствоның вице-министрі Сәбит Нұрлыбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министрдің айтуынша, барлық өңірлерде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуде заманауи технологияларды енгізу бойынша қадамдарды бағалаудың әдістемесі даярланды.

«Аталған әдістеме өткен кезеңде әкімдіктер жұмысының сапасын объективті бағалауға және қалдықтар саласында алдағы жылдарға олардың қызметін жақсартуды ынталандыруға бағытталған. Сонымен қатар, министрік аталған әдістемеге сәйкес, баға қою тәсілімен қалдықтарды пайдалану саласында әкімдіктер қызметіне мониторинг жүргізуді ескеріп отыр. Ары қарай бағалау қорытындысын Президент Әкімшілігіне жіберуді қарастырудамыз», - деді.

Айта кетейік, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап алдын ала қайта өңдеусіз тұрмыстық қатты қалдықтарды полигондарға жеткізуге тыйым салатын Экологиялық кодекстің нормалары күшіне енеді.

«Бұл өз кезегінде пластмасса, пластик, полиэтилен, макулатура, картон, шыны бұйымдарға қатысты. Осыған байланысты әріптестерімді заңнама нормаларының орындалуын қамтамасыз етуге шақырамын. Өйткені аз уақыт қалды», - деп ескертті Сәбит Нұрлыбай.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, биылғы 8 айда Қазақстанда үш млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар жиналды. Оның ішінде 330 мың тоннаға жуығы қайта өңделді. Бұл көрсеткіш жалпы көлемнен 10,5 пайыз шамасында. Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға, ал 2050 жылға дейін 50 пайызға дейін жеткізу қажет. Қазіргі кезде елімізде қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін 130-дан астам кәсіпорын бар.

 

Соңғы жаңалықтар