Энергетика министрлігі мұнай өңдеу зауыттарындағы еңбек өнімділігі туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласында өнімдер өндірісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу саласындағы еңбек өнімділігі $89,6 мың/адамды, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты өсім 114,2% құрады. Еңбек өнімділігі отандық мұнай өңдеу зауыттарының (Атырау МӨЗ, Павлодар МХЗ, Шымкент МӨЗ және «Каспий Битум» ЖШС) негізгі мұнай өнімдерін өндіруі есебінен ұлғайтылды.

«2018 жылдың алты айында 1713,6 мың тонна автобензин, 119,1 мың тонна авиакеросин, 2093 мың тонна дизель отыны және 375 мың тонна битум өндірілді. 2018 жылы 3,9 млн тонна автобензин (2017 жылға 130,9%), 389 мың тонна авиакеросин (2017 жылға 128,4%), 4,4 млн тонна дизель отыны (2017 жылға 110,2%), 2,59 млн тонна мазут (2017 жылға 78,96%) және 823 мың тонна битум (2017 жылға 112,6%) өндірісі күтілуде», - деді Б. Ақшолақов.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы саласындағы еңбек өнімділігі $8,2 мың/адамды, 2017 жылдың сәйкес кезеңіне нақты өсім 109,7% құрады. Энергетика вице-министрінің айтуынша, негізінен еңбек өнімділігінің артуы полипропилен және метил-трет-бутил эфирінің өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.

Жалпы мұнай-газ химиясы саласында 2018 жылдың 6 айында 7,6 мың тонна бензол, 16,6 мың тонна полипропилен, 12,4 мың тонна метил-третбутилді эфир өндірілді.

Осы жылдың қараша айында параксилол өндірісі басталды. 11,3 мың тонна бензол, 27,3 мың тонна полипропилен, 18,3 мың тонна метил-третбутилді эфир өндірісі күтілуде.

«Жалпы еңбек өнімділігі тұрақты ұлғаюда. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз», - деп түйіндеді вице-министр.

 

Соңғы жаңалықтар