Энергетика министрлігі Қашағанда мұнай өндірісінің азаюын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемін азайтудың себебін түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қашағанда проблема жоқ. Бірақ, шынымен де, бірқатар ұңғыманың жұмысын тоқтаттық. Сосын газды жердің астына айдауды тоқтаттық. Өйткені Қашағандағы мұнай өндірудің көлемі алдымен газды айдау мөлшеріне байланысты. Мәселен, өткен жылы біз бірқатар теxникалық проблемаларды байқадық. Газ пласттың ішіне дұрыс бармады. Соңғы кезде ол жағдай түзеле бастаған сияқты. Дегенмен, нақты себептерді анықтау мақсатында сәуірдің ортасына дейін алты ұңғыманың жұмысы уақытша тоқтатылды. Осыған байланысты Қашағанда мұнай өндіру көлемі күніне 300 мың баррельден 200-215-ке түсті», - деді М.Мырзағалиев журналистерге берген сұxбатында.

Вице-министрдің айтуынша, алты ұңғыма іске қосылғаннан кейін газды қайта айдау теxнологиясы да қосылады. Егер бәрі ойдағыдай болса, екі ұңғыма мұнайды өндіруден айдау фунциясына ауыстырылатын болады. Соның арқасында шикізатты көптеп алуға мүмкіндік бар.

«Сол кезде мұнай өндіру көлемі күніне 370 мың баррельге жетеді деген жоспар бар. Қазір 300 мың баррель. Ұңғымаларды басқа функцияға ауыстырғаннан кейін нақты көрсеткішті көре аламыз», - деп атап көрсетті М.Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар