Энергетика министрі «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы қашан басталатынын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы салтанатты түрде биылғы шілдеде басталады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысын  салтанатты түрде биылғы шілдеде бастау жоспарланып отыр. «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағдарындағы бірінші кезең 2019 жылдың желтоқсанына дейін аяқталады», - деді министр.

Осы орайда, ол жобаның бірінші кезеңінің құны 267 млрд теңгеге бағаланып отырғанын еске салып өтті.

«Жұмыс тобымен барлық мүдделі тараптардың құзыреттері бекітілді. Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдіктерімен инфрақұрылым құрылысына қатысты жол карталары даярланды. Бірінші кезеңде 171 елді мекен қамтылады деп күтілуде. Осы арқылы, жоба жұмыс қарқынын арттыруға және болашақта Қазақстанның барлық аумағын газбен қамтамасыз етуге жол ашады»,  - деді Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде газдандыру деңгейі 47,4 пайызды құрап отыр. Осы орайда, 1320 елді мекен газға қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Бес әлеуметтік бастаманы таныстыру барысында Қызылорда облысынан Астанаға қарай газ құбыры тартылатыны туралы жариялады.

Соңғы жаңалықтар