Энергетика министрі «Қашаған» кен орнында болды
2022 жылғы 11 тамыз 21:03

Энергетика министрі «Қашаған» кен орнында болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Болат Ақшолақов Атырау облысындағы «Қашаған» кен орнында орналасқан «Болашақ» зауытында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысына келген энергетика министрі Болат Ақшолақов Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC компаниясының өндірістік нысандарын аралады. Онымен бірге министрлік пен Атырау облысы әкімдігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және NCOC өкілдері Қашаған кен орнындағы «D» аралын айналып ұшып өтті.

Биылғы жыл басынан бері «Қашағанда» 7,2 млн тонна мұнай, 4,4 млрд текше метр ілеспе газ өндірілген. Қазір Қашағанда тәуліктік мұнай өндіру 100 мың баррель шамасында.

Бұдан соң министр «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының (МГКДҚ) жұмысымен танысты. Министр «Болашақ» қондырғысында жөндеу жұмыстарын жүргізу, «D» аралындағы 2 компрессорды іске қосу-баптау және барлық қалпына келтіру жұмыстарының аяқталу мерзімі туралы мәселені көтерді.

Энергетика министрі компания басшылығына жөндеу жұмыстарының қорытындысы, газдың шығу себептері мен өндірістік операцияларды қалпына келтіруге қатысты атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі жасалған талдауды ұсынуды тапсырды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы «Болашақ» қондырғысында «Қашаған» мұнайын дайындау тоқтап тұрғанын жазған болатынбыз.

Биылғы 3 тамызда «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының жұмысы өндіріс алаңында газ кету белгілері анықталуына байланысты қауіпсіз жолмен тоқтатылды. Стандартты процедураларға сәйкес газ белгі берушілерінің іске қосылуына байланысты қондырғылардағы қысым алау жүйесі арқылы түсірілді. Бұл жағдай адамдардың денсаулығына зиян келтірген жоқ. Батыс Ескенедегі экологиялық мониторинг жүргізу стансалары ластаушы заттардың шекті рауалы мөлшерден асқан шығарындыларын көрсеткен жоқ.

Кейін «Қашаған» кен орны жұмысын қайта бастағанын хабарлаған едік.

NCOC компаниясының сыртқы қарым-қатынастар бөлімінің мәліметінше, тамыздың 9-ынан 10-ына қараған түні теңіз және құрлықтағы нысанда өндіріс біртіндеп іске қосыла бастады.

«Бұл жұмыстар кезінде құрлық және теңіз нысандарында тиісті рұқсат шеңберінде шектеулі көлемде газ жағылатыны күтіліп отыр. Газ жағу – «Қашаған» кен орнын игеру жобасындағыдай күрделі өндірістік операцияларды қайта жандандыру барысындағы стандартты процесс. Бұл шектелген уақыт аралығында үзілмелі режимде жүргізіледі», - деп мәлім етті компанияның сыртқы қарым-қатынастар бөлімі.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT